AZATTYQ.ORG «Ермұрат Бапиды ЖСДП төрағалығынан неге кетірді?» - Оппозициялық «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) съезінде Ермұрат Бапи партия төрағасы лауазымынан алынып, партия қатарынан шығарылғаны елде түрлі пікір тудырды. Партиядағылар «Бапи шетте қашып жүргендерден ақша алмақ болды» деп айыптайды. Ал Бапи айыптауларды жоққа шығарады.
«Тоқаев Пекинде Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін қозғай ма?» - Қазақстанда "қытай жобаларына" қарсы акциялар өтіп жатқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге мемлекеттік сапармен барды. Наразылар Қытайдың Шыңжаңдағы этникалық қазақтарға қатысты саясатын да айыптаған. Сарапшылар Қазақстанның бұл мәселеде Қытай саясатымен санасуға мәжбүр екенін айтады.
«Қытайға қарсы наразылықтан кейінгі сапар» - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 11-і күні Пекинге екі күндік ресми сапармен барды. Сапар қарсаңында Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциясына шыққандар Қытайдың Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай елге қаржы мен инвестициялық жобалар ұсыну арқылы "ықпалын күшейтіп жатқанын" айтып, Тоқаевты сапардан бас тартуға шақырған.
«Апелляциялық сот Мұхтар Жәкішевті қамауда қалдырды» - Шығыс Қазақстан облыстық соты қамауда отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
INFORMBURO.KZ. «Америкалықтар 9/11 террористік шабуылын қалай еске алады?» - XXI ғасыр басында Нью-Йорктағы екі World Trade Center ғимаратына жасалған террористік шабуыл америкалықтардың тарихында ең қаралы күндердің бірі болып қалды.
«Үкімет тағы бір ірі банктен қарыз алайын деп жатыр. Қарыз қандай шартпен алынады?» - Үкімет Солтүстік инвестиция банкінен қарыз алуға дайындалып жатыр. Бұл туралы палатаның жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов "Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестиция банкі арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді.