7 қыркүйекте Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңында 30-ға жуық адам жиналып, «қытай экспансиясына қарсы» наразылық білдірді. Олар сондай-ақ жазасын өтеп жатқан қоғамдық белсенді Макс БОҚАЕВТЫ босатуды да талап етті. «АЖ» тілшісі митингке қатысушылардың бірі, қоғамдық белсенді Бекболат МҰХАНАЛИЕВПЕН телефон арқылы сөйлесті.
- Мұны ешкім ұйымдастырған жоқ. Алаңға елімізде болып жатқан келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын азаматтар жиналды,- дейді Б. Мұханалиев.
- Қандай талаптар қойдыңыздар?
- Екі талап. Біріншісі - Қазақстан аумағында салынатын 55 қытай зауытының құрылысына жол бермеу. Екіншісі – жазықсыз сотталған, өз елінің нағыз патриоты Макс Боқаев бауырымыздың босатылуы. Ол азаматтың саяси ойындардың құрбаны болып, жазықсыз түрмеде отырғаны бәрімізге аян. Билік алаңға шығып сөйлейтін, жүрегі елім деп соққан азаматтардың ауыздарын жауап тастады. Мұның бәрі, айналып келгенде, тәуелсіздігімізден айырылып қалу қаупін тудырады емес пе?
Қатысушылардың айтуынша, бұларды алаңда полиция мен ҰҚК қызметкерлері бақылап тұрған, алайда ұстауға және таратуға әрекеттер жасамаған.
- Алаңға Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ келіп, біздің жиналуымыз "алдын-ала келісілмеген" заңсыз митинг екенін айтты. Барлығымызды облыстық әкімдікке шақырып, талаптарымызды қағаз жүзінде тапсыруымызды сұрады,- дейді Мұханәлиев. - Біз келісіп, талаптарымызды жазбаша білдірдік, сондай-ақ, 21 қыркүйекте орталық алаңда бейбіт митинг өткізуге өтініш жаздық. Өтінішке 4 адам қол қайды. Қасымызда болған әйел адам 19 қыркүйекте жалғыз адамдық пикетке шығу туралы өтініш жазды. Жауап күтеміз.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз-қызметі адамдардың митингке жиналғанын растап, Бисембиевпен бірге орталық алаңға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек ТНАЛИЕВТІҢ де барғанын айтты.
Тағы бір ескеретін жайт, 5 қыркүйекте, Атырауға президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ келген күні, Facebook әлеуметтік желісінде Жаңа Өзенде ереуілдеп жатқандарды қолдау үшін Исатай мен Махамбет алаңына шыққысы келген бірнеше жергілікті белсенділердің ескерту ретінде ұсталғаны хабарланған еді.
Фархат ӘБІЛОВ