Атырау, 24 қараша 07:41
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Пәкістанда «Халифат сарбаздарының» басшысы қаза тапты

2 510 просмотра

Қазақстанда өткен жылғы кейбір терактілерді мойнына алған "Халифат сарбаздары" ұйымының басшысы Моезиддин Гарсалауидің қаза тапқаны хабарланды.

Азаттық радиосы хабарлағандай, террористік ұйым басшысының қаза тапқаны туралы хабарды америкалық Foundation for Defense of Democracies ұйымының The Long War Journal веб-сайты таратқан.

 

"ТҮРЛІ ҰЛТТАРДАН" ТҰРАТЫН БАТАЛЬОН БАСШЫСЫ

Веб-сайттың жазуынша, Гарсалауи Талибанның бақылауындағы Солтүстік Вазиристан аймағында (Пәкістан) пилотсыз басқарылатын ұшақ шабуылынан қаза тапқан. Бірақ оның қашан қаза тапқаны айтылмаған. Веб-сайт оның "Әл-Қаиданың" Солтүстік Вазиристандағы қызметін үйлестіргенін, "Әл-Қаиданың" жауынгерлерін дайындағанын жазады.

Өздерін "Халифат сарбаздары" деп таныстырған бес адам Қазақстандағы терактілерге қатысты мәлімдеме жасап тұр. (YouTube желісіндегі видеодан алынған скриншот).

"Террористік ұйым басшысының Моезиддин Гарсалауидің "Абу Моез әл Туниси" және "Моез Кайравани" атты бүркеншік есімдері де болған" деп жазылған таратылған ақпаратта.

"Халифат сарбаздары" ұйымы өткен жылы Тараз бен Атырауда болған терактілерді мойнына алған. Ұйым бұған қоса Ауғанстандағы бірнеше жарылысты, биыл наурызда Францияның Тулуза қаласында болған шабуылдарды да мойнына алған.

The Long War Journal-дың жазуынша, өткен жылы қарашада "Халифат сарбаздарының" бөлімшесі саналатын "Захир Бейбарыс батальонының" жетекшісі Равиль Кусаини "түрлі ұлттардан, әсіресе басым көпшілігі қазақтардан тұратын" батальоны бар екенін мәлімдеген.

 

"ҚАЗАҚТАРДАН ҚҰРАЛҒАН БАТАЛЬОН"

"Халифат сарбаздарының" Қазақстанға белгілі бола бастағаны - 2011 жыл.

Биыл Атырау облыстық соты 2011 жылы қыркүйек айында осы қалада жасалған жарылыстарды жасаған террористердің "Халифат сарбаздарына" қатысы бар екенін мәлімдеді. Тараған ақпаратта "Бұл ұйымдасқан топ мүшелерінің БТА банкі арқылы Ауғанстан мен Пәкістаннан қаржылай көмек алып тұрғаны және олардың біреуінің ағасы Пәкістанда тұратыны" хабарланды.

Мұның алдында, яғни қыркүйек айында өздерін "Халифат сарбаздары" деп таныстырған топ "Қазақстан үкіметіне қарсы шабуылдар ұйымдастыра беретінін" айтып қорқытқан бейне материалдарын жариялады.

Бұл ұйым жетекшілері таратқан мәлімет бойынша, олардың 90 пайыз мүшелері – қазақстандықтар. Көпшілігі Ауғанстанда дайындалып жатыр.

2011 жылы қарашаның 12-сі күні Тараз қаласының тұрғыны Мақсат Кариев өзін аңдып жүрген екі қауіпсіздік қызметкерін атып өлтіріп, қаруларын алып кеткен. Одан кейін аңшылық қару-жарақ дүкенін тонап, екі кісіні атып өлтіріп, РПГ-26 гранатометімен ҰҚК-нің ғимаратына оқ атқан. Одан соң тағы да екі полицейді атып өлтіріп, ақырында өзін-өзі жарып жіберді. Бұл атысты да "Халифат сарбаздары" ұйымы өз мойнына алып, «Ислам дініне кедергі көбейе беретін болса, біз осылай жасай береміз» деген ескертуін тағы қайталады. Олардың негізгі талабы – Қазақстан парламенті жақында қабылдаған дін туралы заңды өзгерту.

2011 жылы желтоқсанның 9-ы күні "Халифат сарбаздары" ұйымы Алматының іргесіндегі Боралдай кентіндегі қақтығыста қаза болған бес адам да өздерінің мүшелері екенін мәлімдеді. Мәлімдемеде ол бес адам "Захир Бейбарыс батальонының" (жетекшісі - Равиль Кусаини) жауынгерлері екені де айтылған еді. Топтың мәлімдеуінше, олар өздерін тұтқындамақ болған қауіпсіздік күштерінің екі адамын өлтірген, тағы "өзін өлімге қиюға даяр мыңдаған жақтастары" бар.

2012 жылы қыркүйектің 28-і күні Атырауда үш "террористік топтың" қызмет еткені хабарланып, олардың "Иттихад әл-Муслимин", "Ондық" және "Ли тобы" деп аталғаны да айтылған еді.

Тергеу деректеріне қарағанда, 2008 жылы "жиһадшыл салафистік ағымның 9 мүшесі" Атырауда террористік бағыттағы "Қазақ ислам жиһады" атты астыртын ұйым құрған. 2008-2011 жылдары бұл ұйымға 42 адам тартылған. Бұдан соң олар үш топқа бөлініп, оларды "Қазақ ислам жиһады" ұйымы басқарып отырған.

2011 жылдың соңында Қазақстан бас прокуратурасы топ мүшелері атанған Ринат Хабидолла, Орынбасар Мұнатов және Дамир Зналиевтердің "Халифат сарбаздары" тобымен "байланыс орнатқанын" жария етті.

"Террористік топтардың" барлық мүшесі биыл сәуір айында 6 жылдан 11 жыл мерзімге дейін сотталған.

Қазақстанда биыл бұл ұйымның қызметіне тыйым салды.

Дереккөз: bnews.kz

18 қазан 2012, 14:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.