Атырау, 25 қараша 00:24
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Пешсіз қалай болады?

1 492 просмотра

Балықшыдағы А.Құнанбаев көшесіндегі бес қатарлы №21, №15, №15А үйлердің тұрғындарының «ОблТрансГаз» КМК өкілдері және қалалық билікпен кездесуі қызу өтті.

Осыдан он екі жыл бұрын Балықшыдағы №21, №15, №15А үйдің тұрғындары өздеріне тиесілі пәтер кілтін қолға алғанда бөркін аспанға ата қуанған еді. Алайда, көп кешікпей олар коммуналдық проблемаларға ұрынды. Олардың бастысы – жылудың дұрыс келмеуі. Көптеген отбасы жылына алмағандықтан, конвектор пайдалануға көшкен. Баршамызға мәлім, конвектор – бұл жылуға арналған заманауи пеш түрі. Конвектор құжатында 10-шы қабатқа дейін қондыруға рұқсат бар деп жазылған екен. Алайда көп қабатты үйлерде (5-ші қабаттан жоғары) қолданылу қауіп тудырады деген мақсатпен жақында «ОблТрансГаз» КМК мамандары кейбір үйлердің конвекторын кесіп тастаған. Онсыз да жылудан тапшылық көріп отырған тұрғындар конвекторсыз күн кешу қиынға соғатынын ашып айтты. Тіпті қазіргі күннің өзінде бұл пешті сатып алуға кейбіреуінің қалтасы көтермей отыр екен. «Не үшін кеседі? Жылу неге дұрыс келмейді? Енді не істейміз?» деген сияқты сауалдар легі толастамады өткен сейсенбідегі отырыс залында.

«ОблТрансГаз» КМК-ның өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Ғалым НҰРЕКЕШОВ былай дейді:

- Конвекторлар ережеге сай қондырылмаған.Жақында біз тексеріп шықтық. Көбісі қондырғыны иілгіш шланг арқылы жалғаған. Құдай сақтасын, алда-жалда жарылыс бола қалса ше? Кім жауап береді? Түбінде жауапкершілік біздің мойнымызға артылады.

Ал қалалық ТЖ бас маманы Жәнібек САРИЕВ қондырғыға иілгіш шлангтерді емес, темір тұрбаларды жалғаған жөн екендігін түсіндірді. Әйтпесе, қауіптен қашып құтылу қиын. 

- Ендеше жағдайдан шығатын қандай жол бар? Қыс та келіп қалды ғой?– деген дауыстар шықты кездесу өткен залдан.

Қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ:

- Келесі жылы Балықшыны жылумен қамту мәселесі толық шешіледі. Негізі биыл да жылу аз болмайды, барынша жылынасыздар. Ал әзірге бұл жағдайды «ОблТрансГаз» КМК-мен біріге шешейік.

Сонымен конвекторды иілгіш шлангпен жалғап қондырған тұрғындар металл тұрбалармен ауыстыруға уәде етті. Қазір олар тек конвекторды қолданбайтындары жөнінде жазылған қолхатқа қол қойған. Газшылар болса, алдағы уақытта конвекторды өздіктерінен қосып алған жағдайда төнген қауіпке өздері жауап беретінін ескертті.  

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

17 қазан 2012, 23:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.