Атырау, 30 желтоқсан 01:02
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жеті жыл жарықсыз отыр

1 583 просмотра

Қала іргесіндегі Көкарна селосына қарасты «Мелиоратор»ықшамауданында тұрып жатқан бір топ тұрғындар редакциямызға жеті жыл көлемінде жарықсыз отырғандары жайлы жазылған хат жолдады. 

М.Аширов, Ө.Атшыбаев, Ә.Тайтуллина, А.Танатова, С.Бердиева, Ж.Аязбаев, Ж.Хайруллина, С.Дүйсенов, Ж.Тажмағамбетова, М.Каюпова, М.Камиеваның қолдары қойылған хатта былай делінген:«Мелиоратор» ықшамауданында 25 отбасы тұрады. Біз 2009 жылы қала әкіміне электр энергиясын қосып беруді сұрап, ұсыныс жазғанымызда, қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТЕН «Бұл жұмыстың 2010-2012ж.ж. қаражат қаралған мезгілде ескерілетінін» жазған №02-2137 санды жауап келді. Міне, 2012 жылдың да 8 айы тәмамдалып келеді, әлі қараңғы үйде қамалып отыратын түріміз бар».

Ал Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің энергетика және транспорт секторының меңгерушісі Қуаныш ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, Көкарна селосындағы «Мелиоратор» ықшамауданында электр тарату желісіне қатысты құрылыс және монтаж жұмыстары қалалық құрылыс бөлімінің құзырында.

- Біз тек қалалық құрылыс бөлімі атқарған жұмысын қабылдаймыз да, электр энергиясын жіберуге рұқсат береміз, - дейді Қ.Ибрагимов.

Қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының бастығы Батыржан МҰСАҚАЕВТЫҢ айтуынша, биылғы жылдың бюджет жоспарында қарастырылған Көкарна селосына қарасты жер телімдерінде электр тарату желісін жүргізу жұмыстары атқарылу үстінде. Ал «Мелиоратор» ықшамауданына қатысты нақты ақпарат бере алмады:

- Оның қайда орналасқанын көру керек, мамандар шығып тексеру қажет. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

17 қазан 2012, 23:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.