Атырау, 13 қараша 11:28
 ашықВ Атырау +2
$ 494.95
€ 525.49
₽ 5.05

Бизнеске электр қуаты қажет

1 716 просмотра

12 қазанда облыстық әкімдікте билік басындағылар облыс кәсіпкерлерін ашық әңгімеге шақыруға тырысты.

КҮН АСТЫНДА ЕҢБЕКТЕНУ

«Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудағы проблемалық мәселелер» тақырыбында өткен кездесу өз шеңберінен аспады. Шараны өткізуші облыс әкімінің орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ келесі шаралар анағұрлым ашық және ауқымды өтетін болады деген сенімін білдірді. Өйткені бұл жолы кәсіпкерлер жағдайды пайдаланып, жоғары шенді шенеунікке тек жеке проблемаларын жеткізуге асықты. Дүйсембаев оларды бөлек, кейінірек талқылауды ұсынып, жеке шаруадан ортақ шаруаға көшуді ұсынды. Дегенмен, бірнеше кәсіпкерлердің мемлекеттік субсидия есебінен оларға күн батареяларын орнату ақысын төлеу идеясы да «кейін» қаралатын санатқа қалдырылды. Өйткені ұсақ және орта бизнес субъектілері үшін қаржылық тұрғыдағы ауқымды мәселе - электр қуатына қосылу екені баршаға аян. Осы тұрғыда біршама шағымдардан хабардар әкім орынбасары идеяны қарастыруға уәде берді. Алайда күн батареяларын «инфрақұрылымды дамыту» бөліміне қалай келтіру керектігін өнеркәсіптік және кәсіпкерлік басқармасы шешуі тиіс. Ұсақ бизнесті жалқаулығы және жұмыс істегісі келмейтіндіктері үшін үнемі жазғырады. Алайда, шындығында, кәсіпкерлер меншіктеріне жерді шалғайдан алады, ол жерге электрмен қамту желілерін тарту зауыт салу құнымен тең. Ал әңгіме шағын цех туралы ғана болып отыр.  

 

МАҚҰЛДАНБАҒАН ЖОБАЛАР

«Атырау» ӘКК басшысы Абат ТАСИМОВ шағын және орта бизнестің инновациялық жобалары үшін нөлдік мөлшерлеме сыйақысы бар кісі қызығарлық несие туралы айтты, алайда оның сөзін Дүйсембаев лезде бөліп жіберді:

– Жобаның инновациялығын кім анықтайды?

Әзірге ешкім емес екен. Коммиссия құрылып жатыр.

Ғұмар Дүйсембаев: – Осы лоттарды тендерлерде ұтқан және бизнес-консалтинг бойынша тегін қызметтер көрсетуі тиіс сервистік компаниялар бар екенін ұмытпаңыздар. Мемлекет сіздер үшін ақша төлеп қойды, барыңыздар да қажетті мәліметтеріңізді алыңыздар. Егер көңілдеріңізден шықпайтын нәрселер болса, бізге хабарласыңыздар.

ВТБ банкінің директоры Эдуард БАЙҒОЖИН аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында (кеңес мемлекеттік бағдарламалар, атап айтқанда «Бизнестің жол картасы» бойынша қаржыландыру жобаларын қарастырып жатыр) жобалардан бас тартуға жол бермеу керектігі туралы ұсынысын айтты:

– Статистика бойынша, бізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің мақұлданған жобаларының саны бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірін көрсетіп отыр. Банк несиелерін субсидиялау шеңберінде тұтынушылар банктермен бірге көп процестерден өтеді. Ал үйлестіру кеңесінің отырысында жобалары мақұлданбай қалады. Егер бірде-бір жұмыс орны құрылмаса ғана мақұлдамауды, басқа жағдайларда ымыралы шешім табуды ұсынамын. Мәселен, соңғы отырыста біздің тұтынушыларымыздың жобасын талқыға салып жатпай-ақ, «бар болғаны 5 жұмыс орны» құрылады екен деп, бірауыздан бас тартып, «жылы жаба» салды. Ал олар Құрманғазы ауданындағы ескерткіш секілді қаңтарылып тұрған шыны зауытын уақыт өте жаңадан жасауды жоспарлаған болатын. 

Бұл тұрғыда Дүйсембаев «қабыл алынбағандарға» аса қызығушылық білдірді:

– Егер олардың ынталары жойылмаған болса, мен оларға тікелей шығып көрейін.

 

АУҚЫМДЫ ТЕКСЕРУ

Дүйсембаев та өз проблемаларымен бөлісті: қаламызда жер тапшы екен:

– Облыс әкімі қала шеңберіндегі барлық жерлерді тексеруге, егер мақсаты бойынша пайдаланылмай тұрған немесе тұрып қалған учаскелер бар болса, заңды негізде қалаға қайтарып, қажетті жобаларға пайдалануға бұйрық берді. Біз 10-20 жыл бойына қоршалып тұрған учаскелердің өте көп екендігіне көз жеткіздік. Ол жерде қазір қамыстар өсіп тұр, ал бізде әлеуметтік нысандар үшін де жер жоқ. 

Кездесу соңында тамыздың аяғында өткізілген «Атыраудың үздік тауарлары» байқау көрмесінің жеңімпаздары жарияланды. Облыстық әкімдік 35 қатысушының үздігін таңдады.

«Первомайский» ЖШС(шұбат өндірісі) өнімі азық-түлік мақсатындағы үздік тауар деп, «БиасТЕК» ЖШС (құрғақ құрылыс қоспалар өндірісі) өнімі өндірістік мақсаттағы үздік тауар, «Ұзақбаев» ЖК (кеспе тастар өндірісі) өнімі халыққа арналған үздік тауар деп танылды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Биылғы жылдың шілдесінен бастап шағын және орта бизнес нысандарына 7 бағыт бойынша тегін кеңес беріледі: 1. Бухгалтерлік және салық есебін жүргізуге, сондай-ақ, статистикалық есептемелер жасақтауға байланысты қызметтер («Астана тіл академиясы» ЖШС); 2. Кедендік процедуралар бойынша қызметтер (осы және төмендегі қызметтер – облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы); 3. Менеджмент жүйесін енгізу бойынша кеңес беру қызметтері; 4. Заң қызметтері; 5. Маркетинг мәселелері бойынша қызметтер; 6. Ақпараттық технологиялар бойынша қызмет көрсету саласында кеңес беру; 7. Мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардағы сатып алуларға қатысты қызметтер. Барлық қызмет түрлері Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының ғимаратында «бір терезе» принципі бойынша көрсетіледі.

17 қазан 2012, 22:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.