Атырау қалалық №2 сотында өткен жылдың желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылуы туралы іс бойынша куәлардан жауап алу аяқталды. Сот отырысы барысында 30-дан астам куәгердің жауаптары тыңдалып, заттай дәлелдермен жете танысуға кірісті.
Екі күн бойы сот процесіне қатысушылар ҚР ІІМ арнайы тобы мен Атырау облысының Полиция департаментінің тергеушілері түсірген бейнежазбаларды қарады. Бұл бейнежазбаларда балық қырылғаннан кейін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС базасындағы бос қалған тоғандардың суреттері, Жайық өзенінің әр жерінде өлі балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың жаппай шоғырланғаны... темір торға жиналған қалған өлі бекірелер, қаланың әр жеріндегі үкілерге жиналып қалған өлі балықтар түсірілген.
Бұдан басқа, «Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту станциясындағы және «ЖЭО» АҚ аумағындағы судан сынама алынғаны және тергеушілердің барғаны камераға түсіріліпті.
Адвокат Бауыржан ОРАЗОВ сот отырысында қылмыстық істе «Атырау Су Арнасының» кінәсін растайтын заттай дәлелдердің жеткіліксіз екенін айтып, көшпелі сот отырысын осы КМК аумағында өткізуді сұрады. Сот әзірге адвокаттың бұл өтініші бойынша шешім қабылдаған жоқ. Келесі сот отырысы 19 тамызда өтеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор