Атырау, 27 желтоқсан 04:41
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Қыстың қамын күз ойла

7 982 просмотра

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша биылғы қысқа қажетті мал азығының 93 пайызы дайындалған.

Бұл орайда қызылқоғалықтар алда келеді. Аудан қажетті пішенді 100 пайызға орындап үлгерген.

- Десек те, бізде мал азығын дайындау жалғасып келеді. Қазірдің өзінде 20-ға жуық пішен бригадалары «Ойпаң» жерінде шөп шабуда, - дейді Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Нұрмағамбет АМАНЖОЛОВ. - Бізде 500 кгорама шөптің әр данасы 3 мың теңгенің шамасында. Аудан әкімдігі пішеншілермен бағаны өсірмеу жөнінде меморандумға қол қойған болатын.  

Ал Исатай, Индер, Махамбет аудандарында шөп бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскен. Жем бағасы да ұшынып тұр.

- Өткен жылғы қыс қатты болып, шөп бағасы бірнеше есеге өсті. Тіпті бір рулонға 9-10 мың теңге сұрағандар да кездесті. Ашыққан малға не берерін білмей сасқандар бұған да көнді. Бір жағынан бұл шаруалар үшін ащы сабақ болды. Осы жылы олар мал азығын дайындап, сатып алуға алдын-ала кірісті, - дейді Индер ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ.

Исатайлықтар мал азығын 81 пайызға орындап үлгерген. Аудан пішеншілері ащы шөптер - бұйырғын, алаботаны көптеп дайындап алу үшін «Айбас», «Забурын», «Бекетай», «Үшқызыл» қырларында еңбек етуде. Жылыой ауданының шаруалары да шөптің көп бөлігін жиып үлгерген.

- Өткен жылға қарағанда мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр деуге болады. Дегенмен, Индер, Махамбет аудандары үшін Батыс Қазақстан облысынан 2 мың тоннадан астам мал азығын дайындап, жеткізу қарастырылған. Алдағы уақытта осы облыспен тығыз қарым-қатынасты ұштау көзделуде. Жемді де алуға келісім жасалды, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВ.

- Бұдан 4-5 жыл бұрын ірі сабақты мал азығын дайындаған шаруаларға облыстық бюджеттен 50 пайыз көлемінде субсидия беріледі деп еді...

- Ол іс ойластырылуда. Бүгінде аудандарға тапсырма беріліп, қажетті құжаттарды дайындап тапсыру жүруде. Субсидия қаржысы нақтыланған жоқ, өйткені қаншалықты құжаттар жинақталатынын білмеймін ғой.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 қазан 2012, 21:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.