Атырау, 24 қараша 12:33
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құрбан айт мал базарға барудан басталады

Сурет Бейнежазба
7 946 просмотра


11 тамызда үш күнге созылатын мұсылмандардың басты мерекесі Құрбан айт басталады. Құрбан айттың алдында атыраулықтардың көпшілігі дәстүр бойынша өмірден өткен жақын-туыстарының рухына арнап «шектік» береді. Бұл екі жағдайда да қан шығарылып, мал сойылады. Осыған сәйкес, бұл күндері мал базарларында мал бағасы шарықтайды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған ақпаратқа сәйкес, құрбан шалу уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Шариғат бойынша қандай да бір маңызды себепке байланысты мұсылман Құрбан айт намазына қатыса алмаса, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін, имамнан уақытын нақтылап, құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық мал бір жасар сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, ал мүйізді ірі қараның - керісінше, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Әрине, құрбандыққа ауру, соқыр, тістері жоқ, аяғы ақсақ, арық мал шалынбайды. 


«БАҒАСЫН ТҮСІРІП БЕРЕМІЗ», ДЕЙДІ ЕТ САТУШЫЛАР


«АЖ» тілшісі мал базарларына барып, бағаларын біліп қайтты: қой - 25 мыңнан 80 мың теңгеге дейін (жасына, ірілігіне байланысты), сиыр - 250 мыңнан 300 мыңға дейін (1 кг сиыр еті – 1500 теңге деп есептегенде), ешкі - 20 мыңнан 25 мыңға дейін, түйе - 380 мыңнан 400 мың теңгеге дейін.

- Базардағы малдардың ауру немесе сау екенін қайдан білеміз? Малдың күйін кім тексереді?

Біздің сұрағымызға «Адал» мал базарының әкімгері Әбу ҚҰЛБАСОВ жауап берді:

- Әр мал сатушы базарға кірген кезде сатып тұрған малының ветеринарлық құжатын ұсынады. Бұл құжатта – малдың қай елді мекеннен шыққанын, қандай вакцина алғанын, саны, жол жүру маршруты мен құлағындағы сақинасының нөмірі жазылады. Бұл құжатсыз біз базарға кіргізбейміз.  

- Қалаға келгеннен соң бұл малдарды тағы да есепке қояды ма?

- Әрине. Құжатты базар әкімгеріне тапсырып, біз оны тіркеуге қалалық ветеринария бөліміне жолдаймыз. Ауру мал сатылмайды. Өйткені бәрі бақылауда.

- Базарды аралаған кезде мал бағасының қымбаттап кеткенін байқадым? Құрбан айт күндері бағаны біреу тексереді ме, әлде сатушылардың өздерінің ар-ұяты біле ме?

- Мал бағасын белгілеуге иесінен басқа ешкімнің құқығы жоқ. Саудаласып көріңіз – түседі ғой.

- Мал бағасы жоғары дегенге келіспеймін. Түске дейін 9 қой саттым, әрқайсысын 25 мыңнан беріп жатырмын, - дейді қызылқоғалық шаруа Нұрбол. – Кейбір қойлардың  суреттерін әлеуметтік желіге салып қойып едім, сатып алушылар лезде табылды. Қала тұрғындары қойдың семіздігіне қарап емес, түріне қарап алады. Кеше бір тұрғын келіп, әдемі қой таңдап беруімді сұрады.

- Бір қойдың құлағы сырғасымен жыртылып қалғанын көріп тұрмын. Осындай қойды құрбандыққа шалуға болады ма?

- Әрине. Денесіне зақым келмеген ғой.


МАЛ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ?

- Бүгінде Атырау мал базарларына малдар негізінен облыстың Құрманғазы, Индер және Қызылқоға аудандарынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстарынан жеткізілуде. Ветеринарлар ең алдымен ветеринарлық анықтамаларын, уақытылы егу жұмыстарын, сондай-ақ, құлақтарында сырғаның болуын тексереді. Қойылған талаптарға сəйкес келмесе, мал қабылданбайды, - дейді қалалық ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек АБУЛҒАЗИЕВ.

- Осы мереке күндері əр мал базарларында ветеринариялық қызметтер кезекшілік ете ме? Өйткені сатып алушылар көп болады ғой.

- Әрине. 7 тамызда мал сою ережелерінің сақталуына қатысты базарларға тексеру жүргіздік.  Әзірге бәрі жақсы. Осы Құрбан айт күндері қаланың әр мал базарында екі мал дəрігері кезекшілік ететін болады.

Қызықты статистика: Атыраудағы мал базарларының бірінде Құрбан айт мерекесінде 50 мал союшы жұмыс істейді, олардың 40-ы қой сойса, тағы 10-ы ірі қара малын соятын болады. Мерекелік ауқым осындай.


МАЛ СОЯТЫН ОРЫНДАР


Атырау қаласында «Адал» және «Тума» мал базарларынан басқа, малды қай жерде союға болады?

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз-қызметі биыл қалада мал союға арналған 4 пункт әзірленгенін айтты:

«Асыл-Агро» шаруа қожалығы. Мекенжайы: Северная промзона, 49.

«Умарова» жеке кәсіпкерлігі. Мекенжайы: Северная промзона, 12.

«Адал» мал базары. Мекенжайы: Северная промзона, 129.

«Тума»  мал базары. Мекен-жайы: «Ескі аэропорт» ықшам ауданы.

Айтпақшы, мал сою – ақылы, орташа бағасы – 3000 теңге.

Басқа жерлерде мал союға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, мешіт ауласында да мал союға болмайды. Дегенмен де, құрбандыққа шалынған мал етін мұқтаж жандарға тарату үшін мешіттерге әкеліп тапсыруға болады. Жағдайы төмен отбасыларға, көршілеріңізге өзіңіз таратсаңыз да болады.

Құрбан айт қарсаңында және айт күндері Полиция департаментi малды тиесілі емес жерлерде, әсіресе, жол бойында заңсыз сататындармен күресетін болады.



Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

8 тамыз 2019, 17:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.