6 тамызда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бала өліміне қатысты облыстық прокуратураның ақпаратына түсінік беру үшін брифинг өткізді.
- Жыл басынан бері перинаталдық орталықта 56 бала қайтыс болды, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 57 сәби шетінеген еді. Бұл жерде біздің орталық жоғары мамандандырылған көмек көрсететін және әртүрлі аурулары бар, жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді және ерекше жағдайдағы сәбилерді босанған әйелдерді жіберетін мекеме екенін атап өткен жөн. Сондықтан бізде бүкіл облыспен салыстырғанда өлім-жітім пайызы өте жоғары. Сондай-ақ, қиын жағдайдағы әйелдерге көмек көрсету үшін аудандарға барамыз. Жыл басынан бері бізде осындай 21 сапар болды, 4 баланы аман алып қалдық. Өлім-жітім себептерінің арасында 1,5 келіге дейінгі салмақта шарана дүниеге келетін мерзімінен бұрын босану бірінші орында тұр. Өлім-жітімнің 57%-ы соның еншісінде. Өмір сүруге сәйкес келмейтін патологиялар екінші орында, - деп атап өтті облыстық перинаталдық орталықтың неонаталдық қызметінің басшысы Гүлмира ӘБЕКЕЕВА.
Ана құрсағындағы балалар өліміне келетін болсақ, 12 аптаға дейінгі мерзімде жетілмеген жүктілік, 20-25 аптаға дейінгі мерзімде даму кінәраты салдарынан, сондай-ақ, әйелдердің денсаулық жағдайына байланысты - анемия, экстрагенитальды аурулар салдарынан ұрықтың өлуі жиі кездеседі.
Дәрігерлер соңғы кездері мерзімінен бұрын босану саны артқанын атап өтті. Олар мұны кейбір жүкті әйелдердің өмір сүру деңгейінің төмендігімен және тамақтануымен, өңірдегі экологиялық ахуалмен, жүктіліктен, түсіктен және шарананың шетінеуінен кейінгі аралықтың сақталмауымен байланыстырады.
- Прокуратура 3 айдан бері босандыру қызметінің жұмысын тексеріп жатыр, балалар өліміне медицина қызметкерлерінің тікелей кінәсі бар екені анықталған жоқ. Қазіргі уақытта 5 қылмыстық істің тек екеуі ғана жалғасуда: біреуі ана өліміне, екіншісі сәби өліміне байланысты. Біз прокурор кабинетін аштық, облыстық перинаталдық орталықта және қалалық перзентханада прокурор жәшіктерін орнаттық, бірақ оған ешқандай шағым түскен жоқ, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА (суретте).
Оның айтуынша, жарты жыл ішінде облыстың босандыру қызметін жабдықтауға: өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарын, УЗИ, кювездер және басқа да қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 1 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған.
Соңғы кездері дәрігерлер облыста туу көрсеткіші төмендегенін атап өтті. Өткен жылмен салыстырғанда, соңғы жарты жылда дүниеге келген сәбилердің саны 102-ге кем болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор