Атырау, 5 қараша 15:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 489.36
€ 533.45
₽ 4.99

Неміс әншісі түрік эмигранттары туралы ән салғаны үшін жазаға тартылды

2 321 просмотра

Неміс әншісі Даниэл Гизэге тоғыз адамның түбіне жеткен «Ұлттық-социалистік астыртын ұйым» деп аталатын неонацистік тобы туралы ән салғаны үшін жеті айға шартты түрде жазаға кесіліп, 600 еуро айыппұл салынды, деп хабарлайды NDR. Меппен соты Gigi & Die braunen Stadtmusikanten тобының әншісін ұлт араздығын қоздырды және қылмыстық істі жақтады деп айыптап отыр.

2010 жылы жарыққа шығуын шықса да келесі жылы таратылуына тыйым салынған «Адольф Гитлер тірі!» дисксіндегі «Дөнершілерді өлтірушінің әні» оны сот алдынан бір-ақ шығарды. Сот осы ән шумағындағы «Дөнершілерді үрей мен сұмдық билейді. Ол келеді, ал олардың тұқымы тұздай құриды» деген өлең жолдарына айрықша шұқшиған.

Қорғаушылар Гамбургтен сарапшы заңгерді куәгер ретінде шақырды. Ол ән жолдарында экстремистік элемент жоқ деп қорытынды шығарды. Алайда, оның өзі де неонацистер жағында екені белгілі болғандықтан, оның тұжырымы сотта қаперге алынған жоқ.

«Дөнерлік кісі өлтірушінің әні» шетелдіктерді, әсіресе, түріктердің түбіне жетуге құштар оңшыл экстремистік NSU тобына арналған болып шықты. Германиядағы түрік иммигранттарының арасында нәпақасын дөнер сатудан айырып жүрген кәсіпкерлер экстремистерден көп зардап шеккен. Осыған байланысты NSU баспасөз беттерінде «дөнершілерді өлтірушілер» деп аталып кетті.

NSU жайлы Даниэл Гизэнің әні билік орындары неонацистердің іс-әрекетін әшкерелемей тұрып пайда болған. Қазіргі уақытта осы топтың бір белсенді мүшесі Беата Чепе қамауда отыр. Оның екі сыбайласы Уве Бенхардт пен Уве Мундлос полицияның қолына түскісі келмей өз-өздеріне қол жұмсап, қаза тапты.

Дереккөз: muslim.kz

16 қазан 2012, 20:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.