Атырау, 24 қараша 12:41
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жарамсыз тауар тап болса...

3 460 просмотра


Сатып алған тауарыңыз үйге барған соң ойыңыздан шықпай, үйлеспей қалғанда немесе бір жерінен ақау шықса, не істейсіз? Осы сұраққа қатысты тұтынушылар құқығын және бәсекелестікті қорғау, табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаментінің тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Қайрат НҰРҒАЛИЕВ бірнеше кеңестер береді.

ТЕЗ ӘРЕКЕТ ЕТІҢІЗ

Тұтынушы заң бойынша сапасыз тауарды қайтаруға құқылы және оған толық құнын өтеп беруге міндетті. Мұны қалай сауатты және қандай мерзімде жасауға болады, сондай-ақ, тауарлардың қандай санаты кері қайтаруға жатпайды?

Сапасыз тауар сатып алудан ешкім де сақтандырылмаған. Дүкендер мен супермаркеттерде денсаулыққа зиянын тигізетін бұзылған азық-түліктер ғана емес, бір киіп шыққанда-ақ, үзіліп қалатын аяқ киімдер де, алғаш қосқанда-ақ, жарамсыз болып қалатын тұрмыстық техника да, тігісі ыдырап кететін киім-кешек те тап келеді. Мұндай жағдайларда сізге сапасыз тауарын ауыстырып беруге немесе түбіртек сақталмаса да ақшасын қайтарып беруге міндетті.

Егер сіз сапасыз тауар сатып алсаңыз, оны кері қайтаруды кейінге қалдырмаңыз. Сатып алған дүкенге неғұрлым тезірек келгеніңіз жақсы. Түбіртекті ұмытпаңыз – бұл сапасыз тауарды сату фактісін растайтын негізгі құжат. Онда тек сатылған орны ғана емес, сатып алған уақытыңыз да көрсетілген. Ол сіздің сатып алған күніңізге дәлел бола алады. Сонымен қатар сізге міндетті түрде мынаны білу қажет: ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 15-бабына сәйкес, сіз сатушының қалауы бойынша емес, өз таңдауыңыз бойынша онша сапалы емес тауарға жеңілдік талап ете аласыз; ал егер тауар ақауын өзіңіз жөндеген жағдайда, сізге сол жұмыстың құнын қайтаруға тиісті.

Тағы да бірнеше нұсқалар бар. Айталық, сіздің қалауыңыз бойынша сатушы осыған ұқсас немесе бағаларында айырмашылық болса, қайта есептей отырып, басқа маркалы тауарға екі жақ та шығынға ұшырамайтындай етіп ауыстырып беруге міндетті.

Егер сатушы тауар ақауы өндірушіден болғандықтан соларға шағымдану керектігін айтса, онда сізге тікелей соларға баруға тура келеді, бірақ тағы да өз таңдауыңыз бойынша. Өндірушіге шағымданбаған жағдайда сіз жоғарыда келтірілген талаптардың бәрін сатушыдан талап етуге тиіссіз. Өз сөзіңізді растау үшін  ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 15-бабына  жүгіне аласыз.

Мерзімге қатысты қалай болады? Бұл туралы ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 17-бабында айтылған. Егер тауар сапасыз болып шықса, онда сіз жарамдылық мерзімі көрсетілген уақыт ішінде, ал егер жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде кемшіліктерге қатысты талаптар қоя аласыз.

Бұл жерде ерекшеліктер де бар. Сатушы туарды 14 күн ішінде қайтарамыз немесе кері ауыстырып береміз деп айтуы мүмкін. Ал сол мерзім өткеннен соң сіздің талаптарыңызды қанағаттандырудан бас тартуға тырысуы да ғажап емес. Бұл жағдайда сіз сауатты тұтынушы ретінде 14 күндік мерзімнің сапалы тауарларға, алайда сізге көлемі, түсі, түрі басқа да себептер бойынша үйлеспей қалған жағдайда ғана  қатысты екендігін білуіңіз керек.


ДӘЛЕЛДЕУ БАЗАСЫ

Егер негізгі дәлелдеу құжат, яғни чек жоғалса, қалай болады? Бұл жағдайда тауарды нақты сатушыдан сатып алғаныңызды дәлелдеуге тура келеді. Бұл ретте куәгерлердің сөзі, сатушының логотипі бар қаптама, тауардың сериялық номері, сатып алу кезіндегі фотосурет немесе бейнежазба және т.б. болса жақсы. Мұның барлығы да ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 18-бабында бекітілген. Бұған «дүкенде видео, фотосуретке түсіруге рұқсат жоқ» деген сөздер кедергі бола алмайды.

Егер осындай немесе басқа жолдар арқылы дәлелдеу базасын жинақтаған болсаңыз, тауарды көрсетіп, сатушыға батыл түрде жолығуыңызға болады. Ақшаны қайтаруды ауызша талап етіңіз немесе жоғарыда аталған нұсқалардың бірін ұсыныңыз. Бас тартқан жағдайда тауарды сатып алғаныңызды дәлелдейтін барлық құжаттар мен  куәгерлердің аттары және телефон номерлерін көрсетіп,  жазбаша шағым жасаңыз. Шағым екі данада жазылуы тиіс, біреуі – сатушыға, екіншісі - күні, сатушының наразылықты қабылдағаны туралы қолы және мөрі басылған белгілерімен сізде қалады. Көп жағдайда іс одан әрі аспайды. Әдетте сатушылар осы кезеңде мәселені даусыз шешуге тырысады. Ал егер одан әрі баруға тура келсе, онда сізге тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдар немесе қоғамдық бірлестіктер тарапынан білікті көмек қажет болады.

Сондай-ақ, тұтынушы тауарды өлшеу, ілу, есептеу және сапасына қатысты жаңылыстыру фактілерін анықтаған кезде, осындай істерді қарау және кінәлілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыреті бар полиция органдарына жүгіну қажет. Басқаша айтқанда, сіз полиция қызметкерлерін шақыра аласыз. Тұтынушыны алдағаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 190-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген, яғни айыппұл салынады.

Тұтынушы ретінде сіздің құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Департаментке мына мекенжай бойынша хабарласа аласыз: Атырау, Құлманов көшесі, 156-А, шұғыл желі телефоны 8 (7122) 21 31 01.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

7 тамыз 2019, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.