Міне, жазғы каникулдың тең жартысы зу етіп өте шықты. Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы қалай? «АЖ» тілшісі аудандардағы білім бөлімдеріне хабарласып, жалпы жұмыстарды саралап шықты.
Жылыой ауданы бойынша 20 орта мектептің 19-ына ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатыр, оған 14 млн теңге қаржы бөлінген. Құлсарыдағы №16 Д. Жазықбаев орта мектебін 2019-2020 жылдарда күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған, биыл 149 млн теңге қаржы бөлініп, сыртқы жұмыстары жасалады. Мердігер - «КварцСтройСервис» ЖШС. Жаңа оқу жылына он мектепке 67 млн теңгенің биология кабинеті, 4 мектепке 29 млн теңгенің «IT-кабинет», 2 мектепке 25 млн теңгенің «STEM» кабинеттері алынған.
Құрманғазы ауданындағы 30 мектепті ағымдағы жөндеу және қысқа дайындығына 171 млн теңге бөлініп, оның 90 млн теңгесі мектептерді газдендіруге жұмсалған. Бұл аудандағы күрделі жөндеуі аяқталмаған үш мектептің жайы биыл да күрделі күйде қалғалы тұр. Бүгінде қосымша қаржы бөлінді (Ы. Алтынсарин мектебіне - 176 млн теңге, Нұржау мектебіне 36 млн, Н.Манаев орта мектебіне 56 млн теңге) қаралған. Дегенмен, ұстаздар бұл жұмыстар жаңа оқу жылына дейін аяқталмай қалады деп қауіптенеді.
Қызылқоға ауданында 18 орта, 4 бастауыш мектеп бар. Биыл мектептердің жәй жөндеу жұмысына 8 млн теңге қаржы қаралған. Бүгінде аудандағы мектептердің көпшілігінде әктеп, сырлау сияқты жәй жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
- Бұл жұмыстар шілденің соңында аяқталуы тиіс, - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Амангелді БАҒДАРОВ. - Күрделі жөндеуге 220 орындық Қарабау орта мектебі де іліккен болатын. Бөлінген 82 млн теңгелік конкурсты ұтып алған «Символ» ЖШС жұмысты қарқынды жүргізуде. Олар мамырдың ортасынан бастап жұмысты бастап кеткен. Қазір жұмыстың 65 пайызы орындалып отыр.
Исатай ауданы бойынша 10 орта, 4 бастауыш мектептен бөлек саз, шығармашылық орталық, психологиялық түзеу кабинеттері бар. Әр мектепке ағымдағы жөндеу жұмысына 1 млн теңгеден бөлініп, ол аяқтала келген. Бүгінде мектептерді жаңа оқу жылына қабылдау мақсатында құзырлы орындардан құрылған комиссия жұмыс жасап жатыр. Биыл күрделі жөндеу жұмысы қарастырылмаған, дегенмен 2020 жылы Гагарин, Исатай мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін жобалық сметалық құжатына қаржы бөлініп, жоба әзірленген. Жаңа оқу жылында қырда тұратын балалар үшін Қызылүй елді мекенінен демеушілікпен салынған 80 орындық жаңа мектеп пайдаланылуға беріледі. Исатай аудандық Білім бөлімінің басшысы Гүлайна ҚҰРМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, ауданда физика, математика, химия, бастауыш сынып бойынша 47 мұғалім жетіспейді екен.
Индер ауданында 15 орта мектептің жәй жөндеуіне жыл басында бөлінген қаржы жетпей қалып, жуырда аудандық Мәслихатта қосымша қаралды. Оған тағы 21 млн теңге бөлініп, жұмыс енді қарқын алуда.
- 200 орындық «Көктем» орта мектебінде 400 оқушы білім алып жатыр. Сол себептен мектепке 80 орындық жапсаржай салуға бюджеттен 244 млн теңге бөлінгенімен, әзірге жеңімпаз анықталған жоқ, - дейді білім бөлімі басшысының м. а. Шарбану САБИРОВА. - Сонымен бірге шығармашылық орталыққа жапсаржай салуға 63 млн теңге бөлініп, мұны «Символ» ЖШС ұтып алды. Олар жұмысын осы жылдың аяғында бітіреді деп күтудеміз.
Мақат ауданында 50 млн теңгеге Л.Шахатов, 70 млн теңгеге Шарипов атындағы интернатта күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Екеуінде де жұмыстарды «ГаммаС» ЖШС жүргізіп жатыр, тамыздың аяғында аяқтауы қажет. Ал мектептерде жетіспейтін 25 мұғалімнің орнын ұстаздарға қосымша жүктеме беру, зейнеткерлерді тарту арқылы толтырып отыр.
Махамбет ауданы бойынша облыстық бюджеттен 136 млн теңге қаражат бөлініп, 17 орта мектепте ағымдағы жөндеу мен жылу қазандықтарын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА