2018 жылы Атырау облысында 56 мың 864 шетелдік тіркелген, оның 7 мыңнан астамы алыс шетелден, қалғандары ТМД елдерінен келген. Бұл туралы «АЖ»-ға Атырау облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Болат ДОСҚАЛИЕВ хабарлады.
- Осы жылдың басынан бері 28 мыңнан астам еңбек мигранттарына жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар заңсыз көші-қонға қарсы бағытталған «Мигрант», «Нелегал-2019» жедел-алдын алу іс-шаралары және рейдтік тексерулер жүйелі түрде жүргізіледі. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 2666 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 223-і сот шешімімен елден шығарылды. Өткен жылы салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 17 млн 691 мың теңгені құрады.
- Біздің өңірде қанша шетелдік азамат тұрақты түрде тұрады?
- Облыс аумағында тұрақты түрде 4147 шетел азаматы тұрады, оның ішінде 518 алыс шетелдерден және 3629 ТМД елдерінің азаматтары. Соңғы уақытта тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетіндер өте көп. Өткен жылы бұл мәртебеге 266 адам ие болды, сонымен қатар Президенттің Жарлығы бойынша ҚР азаматтығын 39 адам, ал жеңілдетілген тәртіппен 179 адам алды.
- Олардың ішінде оралмандар бар ма?
- Бүгінде оралман мәртебесін ұзартқан 137 этникалық қазақтардың 105-і Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш білдірді.
Әңгіме барысында Досқалиев жақында полиция департаментінің қызметкерлері шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген 48 жастағы өзбекстандық әйелді ұстағаны туралы айтты:
- Анықталғандай, 2017 жылы ҚР Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ол еліне жер аударылып, сот шешіміне сәйкес алдағы 5 жылда Қазақстанда болуға тыйым салынған екен. Алайда, «тапқыр» әйел аты-жөнін ауыстырып, өз елінде жаңа паспорт алып, қайтадан біздің елге кіруге тырысып көрді. Бірақ Атырау көші-қон полициясының қызметкерлері оны сырт келбеті бойынша танып қалды. Осы факті бойынша ҚР ҚК 392-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан қасақана заңсыз өту).
Фархат ӘБІЛОВ