Маусымның аяғында Өзбекстан Республикасының азаматы Алпамыс ДАВЛЕМУРАТОВ Қазақстанда тұрғылықты тұру құқығын алды. Бұған оның 7 жыл уақыты кетіпті, ал мақсаты - әйелі және балаларымен қауышу.
- Осы жылдар бойына маған шетелдік азаматтарды тіркеу режимін бұзбау үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарадан әрлі-берлі өтуге тура келді. Әрине, бұл отбасыма да оңай болған жоқ, - дейді Алпамыс.
- Неге Қазақстанда тұрғыңыз келді?
- Әйелім Замира – қазақ қызы. Бірнеше жыл бұрын ол Өзбекстаннан екі баламызбен атамекеніне – Құлсары қаласына оралды. Ал маған Қазақстанда тұрғылықты тұру үшін заң бойынша өзімнің банктік есепшотыма 3 миллионнан астам теңге салуым керек болды. Бұл біз үшін өте қомақты сома, ал оны жинау үшін 7 жыл уақыт кетті. Құлсары мен Атырауда көп жұмыс жасап, ақша жинадым. Өзімді көлік сатып алу үшін стипендиясын жинап жүрген студент секілді сезіндім. Енді, міне, менің «көлігім» - тұрғылықты тұруға ықтиярхат алдым. Өте қуаныштымын!
- Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
- Енді ұзақ мерзімді жоспар жасай аламын, тұрақты жұмыс таба аламын. Отбасым үшін бәрін жасауға тырысамын, олар - өмірімнің мәні.
Атырау облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының бастығы Болат ДОСҚАЛИЕВ:
- Елімізде тұрақты тұру құқығына ықтиярхат алу өтінішімен жүгінген шетелдік азаматтар ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес өзінің төлем қабілеттігін растауы тиіс. Ол үшін ішкі істер органдарына қазақстандық банктегі есепшотында ақшасы бар екені туралы анықтама ұсынады. Бұл сома 1320 АЕК-тен кем болмауы тиіс. Қазіргі уақытта бұл 3 миллион 333 мың 333 теңге. Менің білуімше, Алпамыс бірнеше жыл бойына осы ақшаны жинаған. Енді оны есепшотынан түсіріп, өз қалауынша жұмсай алады. Айтпақшы, тұрғылықты тұру ықтиярхатын алғаннан 5 жылдан соң Қазақстан азаматтығын алуға өтініш бере алады. Бірақ ол бұрынғы азаматтығынан бас тартуы тиіс: біздің елімізде қос азаматтық қарастырылмаған.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор