Жақында Атырауда кондиционер, бейнекамералар, сандық және ақпараттық таблолармен, ең бастысы - мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен жабдықталған қытайлық жаңа Ankai жолаушылар автобустары Атырау маршруттарында жүре бастады. Осыған орай біздің оқырманымызға таныс арбадағы Гүлназ ҚОСМЫРЗИЕВА мен Есбол БАЛАБАЕВ көзі көрмейтін достары Айбек ИДАЯТОВТЫ және «АЖ» тілшісін өздерімен бірге алып шығып, осы автобустарды сынамақ болды.
Абай алаңындағы аялдамаға жиналған кезде жанымызға Ankai автобусы тоқтады.
- Бізге кіруге көмектесер ме екен? – деді абыржыған Гүлназ.
Автобус жүргізушісі мен кондуктор көз ілеспес шапшаңдықпен әрекет етті. Екеуі де автобустан шығып, кондуктор пандусты түсірген кезде, жүргізуші біздің кейіпкерлерімізді автобусқа кіргізді. Содан соң іште тұрған жолаушылардан ығысып, мүгедектерге арналған арнайы орынды босатуды сыпайылап өтінді. Алдымен Айбекті отырғызды, содан соң кондуктор Гүлназдың арбасын тұтқасынан ұстап, ішке кіргізді. Оған қауіпсіздік белдігін тағып, Есболды алып келуге беттеді. Бірақ, өкінішке орай, оның екінші қауіпсіздік белдігі жоқ еді. Дегенмен, оның арбасын басқа жолаушылар ұстап тұрды. Біздің кейіпкерлерімізден жолақы алмады, бірақ қолдарына билеттерін ұстатты.
- Автобустар өте жақсы, қолайлы екен. Бірақ зағип жандар үшін автохабарлағыштар жетіспейді. Ал бұл біз үшін өте маңызды. Кейде кондукторлар аялдамалардың атауын хабарламағандықтан, шатасып кетеміз, - дейді Айбек.
Ал жалпы жолаушылар бұл сапарға риза болды. Пандуспен жарақталған автобустар теңіздің тамшысындай екеніне қарамастан, билік осындай жандар үшін кедергісіз орта жасай алады деп үміттенеміз.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор