Бүгінде Индербор кентіндегі 14 көпқабатты үйдің 8-і жалпыүйлік жылу қазандығымен жылытылса, алты үйдің әр пәтерінде дербес қазандық орнатылған. Бұл үйлерге билік 2012 жылы арнайы мұржа да салып берген. Ал биыл кенттің архитектуралық сәнін бұзды деген желеумен мұржаларды алып тастап жатыр. Бұған, әрине, жергілікті тұрғындар наразы.
-Бізде жыл сайын күн суытып, қыс түскенде жылудың жыры басталады. Кезінде әкімдік дұрыс жылу бере алмай, орталық жылудан ажыратып, әр пәтерді дербес қазандыққа көшіруге рұқсат берді. Әр подьезд пәтерлеріне біріктіріп, мұржалар салды. Қарызданып-қауғаланып, банктен несие алып, пәтерімізге қазандық орнаттық, - дейді Тайсойған көшесіндегі №9 үй тұрғындары. - Енді мұржаларды алып тастап, қайтадан орталық жылу қазандығына қосамыз деп жатыр. Бір әкім келіп былай дейді, ал екіншісі өзінікін жасайды. Сонда жұртшылықтың пікірімен кім санасады. Қайта-қайта жылу жүйемізді өзгерту бізге де оңай емес, күлдей шығын. Орталық қазандық жылуды тиісінше беретініне сенбейміз, баяғыдай суық пәтерде қаламыз ба деп қорқамыз.
Индер аудандық ТКШ басшысы Абзал РАМАЗАНОВ:
- Біз осы 6 үйдің төртеуінің мұржасын бұзып, орталық жылу қазандығына қосамыз. Себебі, біріншіден, бұл мұржалар өскірді, кейбір тұрғындар өздері жасап алған, кез-келген уақытта қауіпті болуы мүмкін. Екіншіден, кент қасбетінің архитектуралық сыйқын бұзып тұр. Қалған екі үйге дербес қазандықтарын пайдалана беруіне «ҚазТансГазАймақ» АҚ рұқсат берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор