Атырау, 13 қазан 05:39
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Әбілязовтың отбасына жалған құжаттар жасап бергені үшін қамауға алынды

5 217 просмотра

№2 Атырау қалалық соты «Эллис Регион» ЖШС маркетологы Асылбек САЙФУЛЛИН мен Атырау облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының инспекторы Жомарт КӨШӘЛИЕВТІ екі ай уақыт мерзімге қамауға алуға санкция берді.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, «қамауға алынғандар 2009 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Атырау облыстық әділет департаментінің және Атырау облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының лауазымды тұлғаларына әлденеше рет пара беріп, Қазақстаннан тысқары шығып кеткен азаматтарға: атап айтқанда, тергеу болжамы бойынша, жалған құжаттарды, Шалабаев Сырым  Боранбайұлы, оның қызы, сондай-ақ, Айгүл Шалабаева, Сәлим Шалабаев (Сырымның інісі) пен Алма Шалабаева Боранбайқызы (Мұхтар Әблязовтың жұбайы) және оның екі ұлы мен қызына (бұлар облыс аумағында тіркелмеген, құжаттарды алып кетуге өздері келмеген) жалған мәліметтер бойынша жеке бас куәліктерін рәсімдегені үшін» айыпталуда.
Олар 2012 жылдың 7 қазанында аталмыш қылмыстарды жасады деген күдікпен ұсталып, ҚР Қылмыстық кодексінің 312-бабының а, в тармақтарында (пара беру), 311-баптың 4-тармағында (пара алу) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылып отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

 

АНЫҚТАМА

Интернеттен мынадай мәліметтер табылды. Жалған құжаттар бойынша Атырау арқылы ҚР аумағынан тысқары шығып кеткендердің фамилияларын ҚР Ұлттық банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінде жарияланған «БТА Банк» Акционерлік қоғамының аффилирленген тұлғалары тізімінен кездестіруге болады.

Сырым Шалабаев – Мұхтар Әбілязовтың жұбайы Алманың бауыры және қашқын банкирдің бизнестес серігі, ол да қашып жүр.

Ресейлік құқық және сот ақпараттық агенттігінің (РҚСАА) ақпараты бойынша, 2011 жылдың шілдесінде Лондон соты Сырым Шалабаевты сотты құрметтемегені үшін 18 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Естеріңізге салсақ, М.Әбілязовқа қатысты қылмыстық іс 2009 жылдың басында оның банкі қазақстандық «Самұрық-Қазына» тәуелсіз қорының бақылауына көшкеннен кейін қозғалған болатын. Іс қозғалғаннан кейін өз тарапына тағылған айыптауларды саяси себептерге байланысты деп есептеген Әбілязов елден қашып кетіп, қазіргі уақытта Ұлыбританияда тұрып жатыр. Алайда 2011 жылдың мамырында британдық сот Әбілязовқа қатысты банктің талап арызын саяси тұрғыдағы айып деп танудан бас тартып, банктің бұрынғы басшысына қойып отырған талабының заңды екенін растаған болатын.

РҚСАА мәліметтері бойынша, қазақстандық БТА Банктің эск-басшысына қатысты сот ісі Лондондағы Жоғарғы сот тарихында орын алған алаяқтық туралы істің ең ірісі болған екен. Ықпалды британдық The Lawyer заң журналы «Әбілязовтың ісін» 2011 жылдағы ең маңызды сот процесстерінің жиырмалығына енгізіпті.

11 қазан 2012, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.