Атырау, 2 желтоқсан 00:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Жылу көрмеген баспана

1 914 просмотра

Құлсары қаласы 1 ықшамаудандағы №45 үй тұрғындарының жылусыз отырғанына екі жыл болды.

Бұл 65 пәтерлік үйді 1996 жылы кәсіпкер Алима ШАЛЕНКЕЕВА пәтерлерін жалға беру үшін сатып алған болатын. Ол осы үйді жөндеуге және күтіп-ұстауға аз ақша жұмсаған жоқ. Кейін оның 45 пәтерін тұрғындар өздері сатып алды да, жекешелендірген болатын.

- Бұл үйді сақтап қалу маған оңайға түскен жоқ. Қазір мұндағы жалғыз проблема – екі жыл болды, жылу жоқ. Жергілікті билік маған: «өз жеке меншігіңдегі үйің, жылуды өзің қосып ал» деген болатын, - дейді Алима.

Өткен жылғы қыста тұрғындардың қалшылдап тоңып-шашырағаны әлі естерінен кетпейді. Жертөледегі ауыз су құбырын қатып қалмас үшін қайта-қайта жылытып ұстап отырған. Кәріз жүйесі істен шығып, су жертөлеге құйылуда.

- Биыл да әкімдікке барғанбыз, жеке меншіктерің, өздерің жылуды жүргізіп алыңдар дейді. Бірақ, билік басқа қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз етіп отырғандай, бізді де жылумен қамтуға тиіс қой, - дейді №45 үйдің тұрғыны Дәрігүл ҚОЙЛЫБАЕВА.

Біз үйге келетін жылу құбыры 1-ықшамаудандағы №29 үйдің тұсынан кесіліп тасталғанын байқадық (суретте). Жылу құбырын жертөлеге дейін жеткізу үшін 240 метр тұрба керек.

- Ол үй тұрғындары төлемақыларын төлемейді, сосын қиылып тасталған. Төлемақысын төлесін, сосын қосып береміз. Демеушілік көмекпен осы кезге дейін көмектескенбіз, енді оған қаржы жоқ. Үй жекеменшік қой, сондықтан өздері жасаулары тиіс,- дейдіҚұлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН.

-Үйлердің бәрі жекеменшік емес пе, жертөлеге жеткізу әкімдіктің міндетіне жатпайтын ба еді?

Бұл сұраққа Кейкин мырза жауап бермеді.

Ал қаланы жылумен қамтушы«Жылыарнасервис» ЖШС-нің басшысы Оғис ҚУАНАЕВ №45 үйдің өздеріне бережағы жоқ екенін және жылу екі жылдан бері берілмей келе жатқанын айтып отыр. Олай болса, мәселе неде? Жылусыз қалған тұрғындар мұңдарын енді кімге айтарын білмей дал.

Биыл Құлсары қаласында жылу құбырын ауыстыруға 40 млн теңге жұмсалды. Бірақ жаңа құбырдың №45 үйге еш қатысы жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2012, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.