Атырау, 13 желтоқсан 05:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Саудаласуға болады

1 620 просмотра

KAZENERGY форумында Тимур ҚҰЛЫБАЕВ Қашағаннан мұнай өндіре бастаудың кесімді мерзімін 2013 жылдың наурызы деп белгіледі.

Таяуда өткен 2013 жылға NCOC-тың табиғат қорғау шараларының жоспары жөніндегі жұртшылық тыңдауында журналистерге консорциум мен қазақстандық тараптың арасында Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасын жалға алу жөніндегі келісімге әлі қол жеткізілмегендігі белгілі болды. Естеріңізге салсақ, экологтар базаның Каспийдің қорықтық аймағына орналасқандығына қарсылық білдірген болатын. Бірақ бізде оларды кім тыңдайды?! Солтүстік-Каспий мұнай төгіндісіне экологиялық әрекет ету базасы жөніндегі жұртшылық тыңдауында база салуды жақтаушылар базасыз Қашағаннан мұнай өндіруге болмайды деп жапатармағай сендірген болатын. Сөйтіп база қарқынмен салынды. Бірер айдан кейін құрылыс басталған соң, биылғы жылдың сәуірінде Атырауға келген«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВКЕ базаның тікұшақ алаңы мен өндірістік ғимаратының іргетасын көрсеткен болатын.

Мердігердің – «ТеңізСервис» ЖШС («ҚМГ» ҰК еншілес кәсіпорны) директоры Ғазиз ҚҰСАЙЫННЫҢ айтуынша, нысанды биылғы жылдың қарашасында тапсыру жоспарланған. Неліктен әлі күнге дейін жалға алу туралы келісім-шартқа қол қойылмаған? Шамасы, тараптар әлі бағасына келісе алмай, саудаласып жатқан болар.

NCOC-тың сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер ДЕЛЬПОН консорциум мұнай төгілгенде қажетті жабдықтарды сақтау үшін базаны жалға алуға ниет етіп отырғанын растады.

– Алайда бұл жабдықтар бізге қажет болмайды деп үміттенемін,- деп сеніммен мәлімдеді.

Оның айтуынша, базаны жалға алу туралы «ҚазМұнайГазбен» келіссөздер әлі жүріп жатыр екен:

– Біз олардың ұсыныстарын алдық, енді оларды қарастырып жатырмыз.

– Бұл мәселенің құны қандай? Оны консорциум үшін қолайлы деп есептейсіз бе?

– Бұл құпия ақпарат. Жалға алу құны туралы мәселені «ҚМГ» өкілетті органмен (шамасы, әңгіме мұнай және газ министрлігі туралы болып отырған сияқты Л. С.)және консорциуммен талқыға салып жатыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

10 қазан 2012, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.