Атырау, 27 желтоқсан 06:36
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Керімовтен күдер үзіп, Айдарбековтен үміт күтеді

2 256 просмотра

Қылышын сүйретіп қыс келсе болды, Эдуард Халмұратовтың үйін аяз буады. Ал көктемге салым еріген қар суы жатын бөлменің қабырғасын ластайды. «Қыста біз мұнда түнемейміз, жолдасым екеуміз ұлымызды алып, туыстарымызға кетеміз», - дейді отағасы.

Туыстарының үйіне кететін тек Эдуард қана емес, Алмагүл ықшамауданындағы 16 қабатты №24 үйдің жарты тұрғыны қыстың қарлы аязында алыс-жақын туыстарын сағалайды. Себебі алдыңғы жылы шатыры өртеніп кеткен бұл үйдің жайы тұрғындарды біраз сабылтып, әкімдікке жолдаған хат аяқсыз қалған.

Біз былтыр қыркүйек айында Алмагүл ықшамауданындағы № 24 үйдің сол жақ беткейіндегі 3-ші подъездің үстіндегі шатыры өртенгендігі жайлы жазған болатынбыз (АЖ, №39, 29.09.2011ж., «Тұтану ошағы анықталуда» жарияланымын қараңыз). Түн ортасында тұрғындарды дүрліктірген бұл оқиғаның себебі әлі күнге нақты анықталмай келеді. Сол кездері қала әкімінің қызметін атқарып тұрған Мереке ЕСМҰРАТОВ ертесіне өртенген шатыр жайын өз көзімен көріп, бәрін жөнге келтіруге уәде берген еді. Тіпті әкімнің үкімімен жергілікті тұрғын үй - коммуналды шаруашылығы келіп, шатырды жөндеуге кететін шығын есебін де анықтаған. Есмұратовтан кейін ертесіне қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВ те келген бұл үйге. Шатырға кететін қаржы мәселесі шешілетінін ол да кесе айтқан. Тұрғындар бұл жайды сол кезде облыс әкімі болып тұрған Бергей РЫСҚАЛИЕВКЕ, тіпті болмағасын, премьер-министр Кәрім МӘСІМОВТЫҢ жеке блогына жолдаған. Артынша Мәсімов Рысқалиевке, Рысқалиев Есмұратовтан кейін келген Асқар Керімовке нұсқаған сұрақтар легі әлі күнге шешімін таппай келеді. Жаңбырдың жаумауын тілейтін тұрғындардың ендігі үміті қаланың жаңа әкімі Серік АЙДАРБЕКОВТЕ. Алайда, жіберген арыздары оқылмақ түгілі әкімнің қабылдауына өтпей жатқандығы белгілі болды.

- Тұрбалар пластикалық еді, өрт кезінде өртеніп, жылусыз, сусыз, тіпті, жарықсыз қалдық. Жарық пен су қайта қалпына келтірілсе де, төбеден аққан су мен денеден өткен суықтан қашып құтылу мүмкін емес, - дейді 3-ші подъездің 16-қабатында орналасқан пәтер қожайыны Эдуард.

Салахаддин ӘЛІБАЕВ та осы үйде тұрады:

- Осы 3-ші подъезде тұратын мына біздің арамызда үйді сатып алған адам саны алтау-ақ. Қалғандары несиеге алған. Сөйте тұра, қазіргі жағдайда қалайша қаражат жинаймыз. Ал үйдің қалған шатыры өртенбеген бөлігінің тұрғындары ше? Олармен қалай есептесіп отырамыз? Оның үстіне өзіміз білмейтін өрт себебінің де ақ-қарасы ашылмады әлі».

№24 үйді өз балансында ұстап отырған және ПИК қызметін атқарып отырған «Артем» ЖК директоры Игорь ЛЯННЫҢ осы істі қолға алып, басы-қасында жүргеніне де аз уақыт болмапты. Жаңа қызметке келгеніне екі жарым айдан асқан азамат: «Шатырға кететін шығын есебіне қаржылай қолдайтын компаниялар демеушілік көрсетсе»дегенді алға тартты.

Аптап ыстық артта қалды. Алда тағы да қаһарлы қыс. Қара шаңырақтарының түндігіне айналған шатырларының жайын ойлаған жұрт қамығумен әлі отыр. Олардың ендігі үміті Айдарбековте.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суретті түсірген автор

10 қазан 2012, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.