Атырау, 26 желтоқсан 01:14
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Куяновтың ылаңына Мәжіліс депутаттары үн қатты

2 146 просмотра
Сергей КУЯНОВ«Алматы» телеканалы айналасында қалыптасқан жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының хаты

Хат ҚР Бас прокуроры А.Қ. Дауылбаевқа, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi С.С. Әбденовке, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Д.Қ. Мыңбайға, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы А.М. Байменовке және Алматы қаласының әкімі А.С.Есімовке жолданды.

Хатқа қол қойғандар: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары М. Әбенов, Н. Сабильянов, Қ. Сұлтанов, О. Асанғазы, А. Смайыл, Б.Смағұл, Ж. Ахметбеков, Г. Сейтмағанбетова, А. Соловьева.

Біздің хат жолдауымызға «Алматы» телеарнасынан жаппай арыз жазып, жұмыстан кеткен журналистердің Қазақстан Республикасы заңнамасының еңбек қатынастары, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қызмет салаларына қатысты талаптарының бұзылуы жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының атына жазған ұжымдық арызы түрткі болды.

Жұмыстан кеткен журналистер Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куяновтың телеарна жұмысына, редакциялық саясатына және ұйымның кадрлық мәселелеріне заңсыз араласу себебінен ұжымда жағымсыз ахуал қалыптасқанына шағымданған.

Арыз берген телеарна қызметкерлерінің уәждері келесі мәселелерге қатысты:

1) Телеарнаның редакциялық саясатына баспасөз қызметінің басшысы араласу заңсыздығы бойынша

Барлық БАҚ-ның жұмысы, оның ішінде құрылтайшысы мемлекеттік ұйымдар (қалалық әкімдікте жатады) болып табылатын ақпарат құралдарының да жұмысы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Осы нормативтік құқықтық актіге сәйкес жергілікті атқарушы органдар өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуді тек мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және оның орындалуына бақылау арқылы жүзеге асырады. Бұл заңға сәйкес жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлігі әкімдіктің баспасөз қызметіне редакциялық саясатты қалыптастыру бойынша құзіреттер жүктелмеген. Сол себептен әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновқа «Алматы» телеарнасының редакциялық саясатына араласуға, журналистердің жұмысын бағалауға, хабарлардың шығармашылық деңгейін сараптауға құқық берілмеген.

2) Мемлекеттік тапсырыстың орындалуына баспасөз қызметінің наразылығын білдіру заңнама арқылы негізделмегені бойынша

Телекомпания үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыруды баспасөз қызметі емес, бөлек құрылым, заңды тұлға – Алматы қаласының ішкі саясат басқармасы жүзеге асырады. Осындай шараларды іске асыру мақсатында қала аумағында телехабар арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін 2012 жылға 273 млн. теңгені құрайтын біртұтас лот қалыптастырылған. Сонымен қатар, заңнамамен БАҚ үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру және оны жүзеге асыру рәсімі нақты белгіленген. Ол тек келісім-шарт және бекітілген медиа-жоспар негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте тапсырыс берушінің барлық тілектері тақырып тізбегімен және медиа-жоспарға енгізілгендерді шығармашылық орындау түрімен негізделеді. Мемлекеттік тапсырысты орындау сапасына қатысты мердігерге қандай да болмасын шағымдарды тапсырыс беруші тек медиа-жоспардың жүзеге асырылуы фактісіне сүйене отырып береді. Тапсырыс беруші жұмыстың сапасына қанағаттанбаған жағдайда, ол заңды түрде дәлелдеуі керек, содан кейін ай сайынғы қабылдау актісіне қол қоймауға және тиісінше бюджеттік қаражаттарды аудармауға құқылы. Егер де медиа-жоспарда қарастырылған телебағдарламалар эфирге шықпаса немесе олардың сапасы тапсырыс берушіні қанағаттандырмаса, онда мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шартты бұзу және айып төлемін өндіру мәселесі қойылады. Медиа-жоспарға енбеген басқа бағдарламаларды жасау туралы талап қою – заңсыз.

Сол себептен қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі тапсырыс беруші болмағандықтан, оның басшысы С.Л. Куяновтың «Алматы» телеарнасының мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруына бақылау жүргізуге, шығармашылық жұмыстарын бағалауға, мемлекеттік тапсырыспен көзделмеген жаңа хабарларды шығаруды талап етуге құқығы жоқ.

3) Баспасөз қызметінің басшысы телеарнаның кадрлық саясатына араласуына заңды құқығы жоқтығы бойынша

Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырушы телеарнада білікті қызметкерлердің бар болуы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысудың қажетті шарты болып табылады. Егер телеарна байқауға қатысып, мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған болса, онда сол талаптарға сәйкес келгенін көрсетеді. Бұдан кейінгі телеарна қызметкерлерінің біліктілігі бойынша қандай да болсын шағымдар айтылса, онда конкурстың жеңімпазы «Алматы» телеарнасын байқауға қатысуға мүмкіндік берген тапсырыс беруші – әкімдіктің ішкі саясат басқармасы жауапты болуы тиіс. «Алматы» телеарнасы қалалық мемлекеттік құрылымдар арқылы құрылғанымен, дербес заңды тұлға болып табылады. Телекомпания әкімдік баспасөз қызметінің бөлімшесі болмағандықтан, баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновтың телеарнаның ішкі кадрлық саясатын жүргізуге, белгілі бір қызметкерлер мен журналистерді жұмыстан босату туралы мәселе қоюға құзіреті жоқ. Қызметкерлер жұмысының сапасын бағалау, оларды ынталандыру мен жауапқа тарту, оның ішінде жұмыстан босату мәселелері телеарна басшылығының ғана айрықша құзіреті болып табылады және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі. Аталған кодекске сәйкес қызметкер бiлiктiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi салдарынан атқаратын лауазымына немесе орындайтын жұмысына сәйкес келмегендiктен, жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тек аттестациялық комиссияның шешiмiне негiзделуге тиiс. Бұған қоса, жұмыс берушi осы еңбек шартын бұзатыны туралы қызметкерге бiр ай бұрын жазбаша ескертуге мiндеттi. Телеарна қызметкерлерін әкімдіктің баспасөз қызметі жетекшісінің ұсынысы немесе жеке баға беруі арқылы жұмыстан шығару заңнамада қарастырылмаған. 

Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновтың «Алматы» телеарнасының тікелей басшысы болмауы себебінен оның қызметкерлерін жұмыстан босату жөнінде талап етуге, біліктіліктерін бағалауға  құқығы жоқ.

Арызда баяндалған уәждерден және бұл еңбек дауына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған хабарламалардан Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновтың әрекеттерінде қолданыстағы заңнаманың бірқатар талаптарының өрескел бұзылуын және лауазымдық құзіретін асыра пайдалануын көруге болады.

Еңбек дауы салдарынан «Алматы» телеарнасының көптеген қызметкерлері жұмыссыз қалып отыр. Мемлекеттік құрылымдар телеарнаның құрылтайшылары болып табылады, сондықтан мемлекеттік органдар жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуына тікелей себепші болды. Осыдан кейін еңбек адамын құрметтеу мен оны қорғау туралы қандай әңгіме айта аламыз? Мемлекетімізде еңбек адамын қорғау және ерекше құрметтеу бойынша маңызды шараларды атқарудың орнына мемлекеттік биліктегі лауазымды тұлғаның өзі жұмысшылардың құқықтарына нұқсан келтіруде. Барлығына жария болған күрделі еңбек дауынан кейін еңбек құқықтары мен «Алматы» телеарнасының ондаған қызметкерлерінің кейінгі тағдырына немқұрайлық таныту, мемлекеттік тапсырыс рәсімдері, мемлекеттік ақпараттық саясаттың қағидаттары мен міндеттерінің айқын еместігі, баспасөз қызметінің жетекшісі С.Л. Куяновтың ымыраға келе алмауы жағымсыз қоғамдық пікір туғызуда.

Сонымен қатар, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалалық әкімдік тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыруға құзіретті.

Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, арызда баяндалған уәждерді, әкімдіктің баспасөз хатшысы С.Л. Куяновтың іс-әрекеттерінде жоғарыда аталған заңдардың, оның ішінде Еңбек кодексінің талаптары бұзылуының орын алуын тексеруді, сонымен қатар «Алматы» талеарнасы қызметкерлерінің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды және еңбек дауы мен азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды сұраймыз.

Жауапты белгіленген тәртіпте жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Хаттың электрондық нұсқасын алу үшін muratbalabay@gmail.com электрондық поштасына хабарласуға болады.

Дереккөз: shyn.kz

 

10 қазан 2012, 14:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.