Атырау, 22 қараша 07:37
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Маңғыстауда тәртіп сақшысы бастығының қолынан көз жұмды

4 144 просмотра

Көңілді отырыс соңы қанды қылмыспен аяқталды! Маңғыстау облысының Бейнеу кентінде қылмыстық із кесушілердің кәсіби мерекесін атап өтуге жиналған полицейлер төбелесіп, бір тәртіп сақшысы мерт болған. Қатардағы қызметкерді аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы жандайшаптарымен бірге сабапты. Алған ауыр жарақатынан полицей ауруханаға жетпей көз жұмған. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде.

Әбдірахман Шаленовты Бейнеу ауданының орталығында өзінің әріптестері аяусыз сабап өлтірген. Гүрзі жұдырықтылардың күштілігі сол, азамат тілге келмей жан тәсілім етіпті. Кафеге кәсіптік мерекелерін атап өтуге келген шенділердің сойқаны жұрттың жағасын ұстатқан. Оған қоса адам өліміне айыпты аудандық Ішкі істер бөлімі бастығы Арыстан Боранов дейді барлығы бір ауыздан.

Тұрарбек Жаңабаев, куәгер:

- Әбдірахманды кафе сыртында 20 адам ұрып жатты. Ара түсуге барғанда мені жақындатпады, бәрі жергілікті полицейлер екен. Ішкі істер бөлімі бастығы да бар. Араша бола алмағасын бөлімшеге барып көргенімді айттым. Бірақ ешкім тыңдамады, арызымды қабылдамады.

Әбдірахман Шаленовты қан жоса қып сабаған полицейлер түнде ІІБ алдына жиналған. Осы жерде ес-түсін білмей тұрған азаматты тағы да ұрып баспалдақтан құлатып жіберіпті. Қан іздері әлі сайрап жатыр. Атпалдай азаматынан айырылған қаралы отбасы бөлімше бастығы Әбдірахманды әуелден кеудеден итеріп, заңсыз қарекеттер жасауға қыстайтын дейді.

Нұрзада Сембіғалиева, марқұмның жұбайы:

- Қайта-қайта сөгіс береді, неге жаным өйтпейсің дегенде істе дегендерін істемеймін жүрегім бармайды істеуге дейтін. Сосын маған сөгіс береді дейді. Қылмыс бер дейтін, жоқ қылмысты қайдан берем десем жұрттың бәрі істеп жатыр істе дейтін. Менің үш балам бар жұрттың да баласы бар мен қалай берем деп жылайтын еді.

Марқұмның денесі табылған күні полицейлер Әбдірахман баспалдақтан өзі құлады деп тайсақтапты. Куәгерлердің айтқанын да құлақтарына қыстырмаған.

Медеу Боранбаев, марқұмның туысы:

Басы жарылған, төбесі. Көзі, беті-ауызының бәрі көкталақ болған. Тістері сынған. Шынтағының бәрі көгеріп жатыр, тірсектері көгеріп жатыр. Бәрін көзіммен көрдім арқасы түгелдей көк.

Қазір тұтас ел айыпты деген Ішкі істер бөлімінің бастығы облыс орталығындағы ауруханада жатыр екен. Қызметінен уақытша шеттетілген. Бірақ қанша қулыққа басқанымен кінәлі құрықталады деп сендірді шенділер.

Қуанғали Ақшабаев, Бейнеу аудандық ІІБ бастығының міндетін атқарушы:

Ешқандай заңсыздыққа жол берілмейді, заңды болған оқиға болған күйінде шешімін табады. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 101 бабының 1 тармағы бойынша іс қозғалды. Ары қарай тергеу жұмыстары жалғасуда.

Әбдірахманды бүгін тұтас аудан адамдары соңғы сапарға шығарып салды. 

Ал қара жамылған отбасы жергілікті тәртіп сақшылары бірнәрсе тындырады дегенге сенбейді бірақ. Өйткені екі жыл бұрын Әбдірахманның інісін де әлдебіреулер сабап өлтіріпті. Онда да жабулы қазан жабулы күйінде қалған.

Дереккөз: "КТК"

10 қазан 2012, 09:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.