Астанада «Благодать» Астаналық қайырымдылық миссиясы» діни бірлестігі мүшелерінің бірі психиатриялық ауруханаға түсті, деп хабарлайды қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Келіп түскен ақпарат бойынша, «Благодать» қайырымдылық миссиясы мүшелерінің бірі, 34 жастағы астана тұрғыны діни ғибадатшылыққа кезекті мәрте барғаннан кейін «өзіне-өзі қол жұмсау қатері жоғары параноялық шизофрения» диагнозымен психиатриялық ауруханаға жеткізілді. Аталмыш фактіге қатысты ҚР ҚК 103 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Істің мән-жайын анықтау кезінде «Благодать» діни бірлестігінің пасторы ғибадат ету кезінде бірлестік мүшелеріне қызыл түсті сусын бергендігі анықталды, Дәрілік заттарды зерттеу орталығының қорытындысына сәйкес оның құрамында адамның бойында масаттану және әлсіреу сезімдерін тудыратын фенол тобындағы заттар, сонымен қоса жалған елес тудыратын ингредиенттер бар болып шыққан»,-делінген хабарламада.
Бұнымен қоса, ғимаратта «Үміт-Надежда» баспаханасының типографиясы табылды, онда Дін істері агенттігінің тиісті рұқсатынсыз діни баспа өнімдері шығарылған.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.