10 қазаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жаңа туындысы «Шал» картинасы көрсетіле бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыдағы «Арман» кинотеатрында өтетін фильмнің тұсаукесеріне «Қазақфильм» президенті Ермек Аманшаев, режиссер, сценарий авторы Ермек Тұрсынов, картина продюсері Александр Вовнянко, басты рөлді сомдаушы Ерболат Тоғызақов қатысады.
«Қазақфильмнің» 2012 жылғы жаңа туындысында шал - Ерболат Тоғызақов, Орынбек Молдахан, Ісбек Әбілмажинов, Оңдасын Бесіктасов, Ердан Нүсіпақынов, Олег Полторайких, Диана Мұқышева, Амантай Молдыбаев, Гүлбахрам Байбосынова және тағы басқалар ойнайды.
Драма Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірілген: Жапан түзде - бір қария, оның жесір келіні және немересі - өмір сүріп жатты. Шағын отбасы. Тыныш, бейбіт, тату әулет. Көпті көрген қарияның мұраты - көрген-білген, жиған-терген үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие, жақсы қасиеттерін немересінің бойына сіңіру. Қарттың ойынша, пенде қашанда ақ жолдан таймауы тиіс.
Бір күндері қыстың қырауында ми далада адасқан шал тірі қалу үшін күреседі, табиғаттың қатаң сындарынан өтіп, дала бөрісі - қасқырлармен бетпе-бет келеді...