Астанадағы темір жол өтпелінде КамАЗ бен пойыздың соқтығысуына жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі, деп мәлімдеме жасады жексенбі күні «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі.
«2012 жылдың 7 қазанында таңғы сағат 5:20-да Астана-Қарағанды автокөлік трассасында «Ақбидай Транс» ЖШС кіріс жолының автоматтандырылған өткел дабылымен жабдықталған қорғалмайтын өткелінде тиелген 20 вагонмен жолға шыға бергенде Z 827 SYM мемлекеттік нөмірлі жүк самосвалының жүргізушісі Руслан Шавадзенің кінәсінен маневрлік локомотив пен жүк көлігі соқтығысты. Соның салдарынан локомотив пен үш вагон жолдан шығып кетті», – делінген хабарламада.
Оқиға орын алар кезде автоматтандырылған өткел дабылы дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтады компаниядағылар. Қайтыс болғандар жоқ, жарақат алған жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Қазір «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Астана қаласының ТЖ департаменті жолды қалпына келтіріп, кедергілерді жоюда.Оқиға орнында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен жол иесі «Ақбидай Транс» ЖШС-інің арнайы комиссиясы жұмыс істеуде.
Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы темір жол өткелінде КамАЗ жүк пойызымен соқтығысып, салдарынан астық тиелген 3 вагон жолдан шығып кетті. КамАЗ жүргізушісі 1968 ж.т. А.Шавадзе түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.