Атырау, 11 қазан 09:49
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Қазақстандағы жаңа тағайындаулар

4 787 просмотра
АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат - Осы аптада ҚР Президенті жанынан Орталық коммуникациялар қызметі құрылып, Үкімет басшысы өзінің баспасөз хатшысын тағайындады, сонымен қатар өңірлерде жастар ісі жөніндегі жаңа басқармалар ашылу үстінде.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ержан Бабақұмаров Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды. Ол 1969 жылы дүниеге келген. Жаңа қызметіне дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары болған. Әр жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі ақпараттық-сараптамалық орталығының меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, осы ведомствоның жауапты хатшысы қызеттерін атқарған.

Бұдан бөлек, Елбасы Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы, Филиппин Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметтерінен босатылып, Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. 1964 жылы Алматы облысында дүниеге келген Б.Бәкірұлы Қазақ политехникалық институтын бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Еңбек жолы металлургия саласында бастап, кейіннен Сыртқы экономикалық байланыс министрлігінде жұмыс істеген. 2006 жылдан дипломатиялық қызметте. Қазақстанның Ресейдегі, Ирандағы елшілігінің  кеңесші-елшісі, еліміздің Майндағы Франкфурттегі бас консулы болған.

Осы аптада Раушан Жаңабергенқызы Қажыбаева ҚР Премьер-Министрі баспасөз қызметінің басшысы, баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Раушан Қажыбаева 1978 жылы дүниеге келді. Мамандығы бойынша журналист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университетті тәмамдаған. «КТК» телеарнасының Астанадағы тілшілік қосынында журналист қызметін атқарды, «Қазақстан» телеарнасында бас редактор, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. ҚР Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі, ҚР Парламент Сенаты баспасөз қызметінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Екі медальмен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 Сондай-ақ ел өңірлерінде жастар ісі  жөніндегі жаңа басқармалар ашылуда. Мәселен, Қостанай облысында ашылған осындай басқармаға 28 жастағы Әлия Сапарова бастық болып тағайындалды.  А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетін бітірген ол еңбек жолын облыстық «Алау ТВ» телеарнасының жүргізушісі болып бастаған. 2006 жылдан бері өзі білім жоғары оқу орнында жұмыс істеген. 2010 жылдан бері Лисаков қаласы әкімінің орынбасары болған.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың өкімімен Мейірім Қалауи жастар ісі жөніндегі облыстық басқарманың бастығы болып тағайындалды. М. Қалауи 1985 жылы дүниеге келген. 2006 жылы «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдады. 2010 жылы РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызметтің Ресей академиясын бітіргеннен кейін экономика ғалымдарының магистрі атағын қорғады. Еңбек жолын «Атырау-Ақпарат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында бастады. «Тұран» ЖШС-нің директоры, "Қазақстан" РТРК Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары - бас редактор болды. Соңғы тағайындауға дейін «Атырау-Ақпарат» КМК  төрағасы болып қызмет етті. Сондай-ақ "Нұр Отан" ХДП "Жас Отан" жастар қанатының Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметін қоғамдық негізде атқарды.

Ал Шығыс Қазақстан облыстық жастар саясаты басқармасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жасұлан Сәрсебаевты тағайындады. Бұл тағайындауға дейін Ж.Сәрсебаев облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді, сондай-ақ ШҚО ішкі саясат басқармасында саяси партиялар және діни ұйымдар бөлімінің бастығы қызметін атқарды.

Сонымен қатар осы өңірде облыс әкімі өзінің жаңа бірінші орынбасары - Ермек Көшербаевты таныстырды. Осы қызметке тағайындалмас бұрын Ермек Көшербаев ШҚО әкімінің орынбасары болып, индустриялық және ғылыми бағыттағы мәселелерді қадағалады. Әр жылдарда Ермек Беделбайұлы Көшербаев ҚР Премьер-Министрінің көмекшісі, «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» бірлестігі директорының орынбасары болды. Сонымен қатар ол «ҚазТрансОйл» және «Мұнай және газ тасымалы» компаниялары аппаратының басшысы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бірінші вице-президентінің кеңесшісі болып жұмыс істеді. Ол «Рауан Меди Групп» АҚ-ның бас директоры, «Отан» республикалық саяси партиясы» қоғамдық бірлестігі партиясының орталық аппаратының басшысы болды. 2009 жылы Семей қаласында «Ертіс» ӘКК» ҰК басқарма төрағасы болды. 2010 жылдың шілде айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметке тағайындалмас бұрын Нұрымбет Сақтағанов ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. Н. Сақтағанов бұған дейін ҚР Парламентіндегі Үкімет өкілдігінің бас инспекторы, Экономикалық және бюджеттік жоспарлау министрлігі бөлімінің басшысы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болды.

Дереккөз: ҚазАқпарат

6 қазан 2012, 22:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.