Әлем бйынша платина шығаратын ең ірі компания Anglo American Platinum (Amplats) Оңтүстік Африкада үш аптаға жуық уақыт бойы ереуілге шыққан 12 мың кеншіні жұмыстан шығарып жіберді. Компания осы уақыт ішінде 700 млн ранд (82 млн доллар) жоғалтқанын айтқан, деп хабарлайды ВВС-дің Ресейлік қызметі.
Соңғы кездері оңтүстік африкалық кен өндіруші компаниялардың жұмысына бірі-біріне жалғасқан ереуілдер кедергі келтіруде. Мамандардың айтуынша, бүкіл ел бойынша қазір 75 мың кенші, яғни осы саладағы кеншілердің 15%-ы ереуілге шыққан.
Ереуілдер кезінде көтерілісшілер мен полицейлер арасындағы қақтығыстар да жиі кездесуде. Соның салдарынан кем дегенде 40 адам көз жұмды. Жұма күні Марикана кен орнына жақын маңайда кәсіподақ көшбасшысын біреулер атып кеткен. Әзірге осы оқиғаға қатысты ешқандай нақты мәлімет жоқ.