7-18 қазан аралығында «Атырау» дене шынықтыру кешенінде волейболдан Қазақстан Кубогының соңғы кезеңі өтеді. Ел Кубогы біздің «мұнайлы астанамызда» соңғы рет 2000 жылы өткізілген болатын. Және сол кезде «Атырау» командасы бағалы олжаның иегері атанған еді. Осы ойындарда 12 жыл бұрынғы жетістігімізді қайталай аламыз ба? «ЖС» сұрақтарына «Атырау» командасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Жеңісбек Әкімжанұлы МҰХАНБЕТЖАНОВ (суретте) жауап береді.
ҮШІНШІСІ АРТЫҚ БОЛМАЙДЫ
- Өткен маусымдағы «Атырау» командасының спорттық жетістіктерін айта отырсаңыз.
- Соңғы екі маусымда біздің команда жақсы өнер көрсете алмады. Мен мұны бапкерлер штабының соңғы кезде негізгі құрамға жергілікті ойыншыларды шақыруымен түсіндіремін. Бұл, әрине, дұрыс, дегенмен бұл әрекетпен бұрынғы қол жеткізген деңгейімізден айрылып қала жаздадық. 2011, 2012 жылдары біз чемпионатта 4-орынға ие болдық.
Әрине, біз волейболмен кәсіби түрде айналысатын көп үміт күттірер жастарды іздеуді жалғастырамыз. Егер бойы мен дене бітімі келісті жігіттер бар болса, оларды табу үшін біз шалғай аудан мен ауылдарға да барамыз, бірақ ережені бұзбаймыз: яғни спортшы кемеліне келмейінше «А» Жоғары Лигасында өнер көрсететін «Атырау-2» фармклубында ойнайтын болады. Бұл клубтың чемпионаттағы жағдайына келер болсақ, олар құбылмалы жетістіктермен ойнап келе жатыр.
- «Атырау» командасының құрамы қандай өзгерістерге ұшырады?
- Биыл либероның орнында тәжірибесі мол оралдық Қайрат Байбеков ойнайтын болады. Ол бізге новосібірлік «Локомотивтен» келді, Қазақстан құрамасының мүшесі.
Командадағы тағы бір жаңа ойыншы – Дмитрий Вовненко. Оның бойы 2 метр 12 см. Иркутск облысының тумасы, соңғы жылдары Еуропаның ең мықты деген командаларының бірі Казань қаласының «Зенит» құрамында өнер көрсеткен. Енді оның Қазақстан құрамасы үшін ойын көрсетуін жоспарлап отырмыз.
Осыдан екі апта бұрын құраманың бас бапкері Генадий Паршинның сұранысы бойынша Қазақстан чемпионатының тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді ойында 25 жасқа дейінгі үшінші легионердің ойнауына рұқсат беріледі. Бұған дейін команда құрамында үш легионердің және ойын кезінде олардың екеуінің алаңда болуына рұқсат етілетін. Бұл жаңалықтың мақсаты – Қазақстан құрамасына шетелден жас әрі мықты деген ойыншыларды тарту. Елімізде жергілікті волейболшылар жетіспейді.
Осы мақсатпен «Атырау» құрамына Василий Донец деген жас ойыншы шақырылды. Сонымен қатар өткен маусымда тамаша өнер көрсеткен Санкт-Петербордан келген Александр Александров та команда сапында қалды. Негізгі құрамға украиналық Александар Дергунов қабылданды. Бұрын ойнаған Алексей Ажиганов пен Алексей Степанов та командада. Жергілікті ойыншылардан Биғали Жұмағазиев пен Алпамыс Хилимов өнер көрсететін болады.
Қазіргі кезде ресейлік волейбол жақсы көтеріліп келеді, сондықтан алдағы уақытта «Атырау» құрамына Ресейден де спортшыларды шақыратын боламыз.
ИРАНДЫ НЕГЕ РЕНЖІТТІ?
- Волейбол соңғы кездері жарақат көп алатын спорт түріне айналып барады. Ресей волейбол федерациясының президенті Станислав Шевченко жақында жарақат көп болатындықтан ұлттық құрама ойнайтын турнирлер санын азайту туралы ұсыныс тастады. Бұған ұқсас шешім Қазақстанда да күтілуде. Басқа да өзгерістер болуы мүмкін. Мысалы, итальяндық ұпай есептеу жүйесін қайта қарау керек. Бұл жүйе бойынша партияларда 3:0 және 3:1 есебімен ұтқан командалар 3 ұпай алатын, ал тай-бректе 3:2 есебімен ұтқан командаларға 2 ұпай, ал жеңіліс көрген командаларға 1 ұпай берілетін. Әлем лигасының соңғы ойындарында Иран құрамасы 5 ойында жеңіске жеткенмен, олардан гөрі аз матчта жеңіске жеткен командалардан төменгі сатыда қалды. Мен де бұлайша ұпай есептеу әділетсіздік деп есептеймін.
- Алдағы Қазақстан Кубогы туралы айтып беріңізші.
- Ширек финал матчтары 7-14 қазан аралығында, жартылай финал мен финал ойындары 17-18 қазан аралығында «Атырау» дене шынықтыру кешенінде өткізіледі. Ойындардың басталуы күн сайын 14.00-де. Біздің командамыз матчтардың кешкі сериясында сағат 18.00-де ойын өрнегін көрсететін болады.
Кубокта 8 команда ойнайды. Ұлттық лиганың төрт мықты командасы ј финалға жолдаманы автоматты түрде алды, олар – «Алматы», «ТНК»Казхром», «Шығыс-СвинецСтрой» және «Атырау» командалары. Ұлттық лиганың «Есіл» (Петропавл) мен «Конденсат» (Орал) командалары ј финалда ойын көрсету құқығына алдын-ала белгіленген раундта ие болған еді. «А» Жоғары лигасының «Динамо-Қазығұрт» (Шымкент) пен «Павлодар» командалары да қатысу жолдамасын жеңіп алды. Кубокқа ие болу мүмкіндіктері барлық командаларда тең дәрежеде. Аралық маусымдарда бұл командалардың барлығы да бағалы ойыншыларды тартты, ал бапкерлерге оларды ойын барысында сынап көру қалды. Сондықтан, біз өте тартысты волейбол матчтарын күтеміз.
Өз командаңызға қолдау көрсетуге келіңіздер!
«Атырау» кәсіби волейбол клубы 2000 жылы сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен құрылған болатын. Команда ұлттық лигадағы ерлер арасында Қазақстан чемпионы атанды (2003 жылы), үш дүркін Қазақстан Кубогының иегері (2000, 2009, 2010 жылдар), Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған халықаралық турнирдің жеңімпазы (2002 жылы).
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ