№1 емханада енді жұмыс күні ішінде кез-келген уақытта анализ тапсыруға болады.
«Кезексіз емхана» бағдарламасына көшкеннен кейін жаңа стандарт бойынша «Кезексіз зертхана» бағдарламасы да енгізілді. Зертханашылар саны 4-тен 6-ға дейін, ал зертхана кабинеттері үш кабинетке дейін көбейді. Жүкті әйелдер үшін жеке кабинет жарақталды. Ол «Отбасылық денсаулық орталығында» орналасқан, cол үшін ғимараттың бір бөлігі арналған. Бұл жерде зертханадан бөлек, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, педиатр, терапевт және 3 гинеколог жұмыс істейді. Осы қабатта дәрігерге дейінгі тексеру, процедуралық қарау, невропатолог пен кардиолог кабинеттері орналасқан. Мамандар қарап шыққаннан кейін пациенттер сол сәтте бүкіл анализдерін тапсыра алады. Екінші зертханалық кабинет кішкентай пациенттерге арналған. Ал ересектерге арналған үшінші зертхана қосалқы бөліктегі бұрынғы орнында жұмыс істеуде.
– Бұрынғыдай ертемен барып, зертханаға ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Ашқарынға тек қант құрамына және бауыр сынамасына қатысты анализдер ғана тапсырылады. СОЭ көрсеткіштерінің, қанның жалпы анализінің және т.б. анализдердің қорытындылары тапсыру уақытына байланысты болмайтындығы ғылыми түрде дәлелденген, – дейді№1 емхананың бас дәрігері Еркебай ҚУАНОВ. – Ашығудың да қажеті жоқ. Әрине, майлы, тәтті тағамдарды көп жемей, сәл ғана жүрек жалғап алса болғаны. Мен Алматы, Астана емханаларында болдым, ол жерлерде де зертханалар күні бойына жұмыс істейді.
Емхана жұмыстарын оңтайландыру аясында Атырау облысында да басқа өңірлер секілді зертханаларды бір орталыққа орталықтандыру ұйғарылған. Алайда медицина қызметкерлері бұл идеяны қуана қолдап отырған жоқ. Біріншіден, оларды анализдерді тасымалдау шарттарының қаншалықты сақталатындығы мазалайды; екіншіден, орталық зертхана аппаратурасы істен шығып қалса, басқалардың жұмыстарын да тоқтатып тастайды екен.
№1 емхана алғашқылардың бірі болып жалпы тәжірибедегі дәрігерлер (ЖПД) жұмысын енгізе бастаған еді. Бір маманның балаға да, ересектерге де қызмет көрсетуі кейбір емделушілердің көңілдерінен шықпай отыр.
- Керісінше, бұл өте қолайлы, – деп сендіреді Еркебай Қуанов. – Бүгінде бізде 14 ЖПД жұмыс істейді. Әрбіреуінде 3 медбикеден бар. Біреуі скрининг мәселесімен айналысады, екіншісі жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге бақылау жасайды, үшіншісі егде жандар мен диспансерлік емделушілер үшін жауап береді.
Бүгінде №1 емханаға 65 мың адам бекітіліп тіркелген.
№5 емханада емделушілерге қолайлы болу үшін анализдер қабылдау уақыты таңертеңгі сағат 11-ге дейін ұзартылған.
- Зертханалар сағат 8-ден 11-ге дейін, ал тамырдан қан алатын процедуралық кабинеттер 8-ден 10-ға дейін жасайтын болады, - дейді бас дәрігердің орынбасары Гүлнар ШОТЫҚБАЕВА. – Емделушілердің, әсіресе жүкті әйелдердің жағдайы нашарлаған кезде, ісінгенде, қан қысымы көтерілгенде дәрігерлер оларды жұмыс күні ішінде анализ тапсыруға жібере алады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор