Атырау, 28 желтоқсан 09:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қолды болған қаржылар

3 515 просмотра

«Ауыз су» бағдарламасының аяқталғанына қарамастан, облыс бойынша 20 пайыздан астам сумен қамту нысандары жұмыс істемейді немесе сақалды құрылыстар қатарына қосылған.

Бұл факт облыстың жаңа прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВ төрағалық еткен облыстық прокуратура алқасында айтылды. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасына республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 22,5 млрд теңге бөлінген, алайда бірқатар нысандардың құрылысы әлі күнге дейін аяқталмаған. Олар: Индер ауданындағы 5 нысан, Құрманғазы ауданындағы 6 нысан және Қызылқоға ауданындағы 2 нысан. Бұған себеп – сапасыз жобалау, сәйкес емес технологияны пайдалану және бюджет қаржысын ұрлау болып отыр.

 

БҰЛ ӘЛДЕ БІЛІКСІЗДІК ПЕ?

«Аминат Строй Сервис» ЖШС салған Индербор поселкесіндегі блокты су тазарту құрылғылары мен поселкеішілік желілер проблемалы нысандардың бірі болып отыр. Үш жыл ішінде (2007 - 2010) осы нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Оны 2010 жылы тапсырулары тиіс болатын. Мемлекеттік сараптама мәліметтеріне сәйкес, нысанның бастапқы құны 77 млн теңгені құраған. Содан кейін ол «Струя» технологиясынан жаңа мембрандық технологияға ауыстырылғандықтан әлденеше рет көбейген. Алайда прокурорлық тексеру шығындардың текке кеткенін анықтады: тазартудың мембрандық технологиясы өзен суына емес, көл суына арналған. Нәтижесінде нысан әлі күнге дейін мемлекеттік комиссиядан өтпеген, ал қаржы мақсатына сай жұмсалмаған деп есептеліп отыр. Нысанды пайдалануға тапсыру үшін қосымша жұмыстарға 177 млн теңге бөлінді. Қаржыны игерумен «ЦентрСтройЛтд» ЖШС айналысқан, жұмыстар жобалау-сметалық құжаттамаларынсыз, мемлекеттік сараптама қорытындысынсыз жүргізілген. Бұл сараптамалар тек 2012 жылы ғана дайындалған. Соған сәйкес, жұмыстардың құны 177 млн теңгеге бағаланыпты.

- Жұмыстар мемлекеттік сатып алулар туралы келісім-шарт жасалмай, компанияның өз қаржысы есебінен аяқталған. Бұдан «ЦентрСтройЛтд» ЖШС ашық тендерді жеңіп алатынын білген деп қорытынды жасауға болады, - дейді облыс прокурорының көмекшісі Рүстем ҒАПУ (суретте). 12 қыркүйекте аудандық құрылыс бөлімі мен «ЦентрСтройЛтд» арасында жасалған келісім-шартқа прокуратура қарсылық білдірген.

Аудандағы осындай екінші нысан – Аққала ауылындағы блокты су тазарту құрылғылары мен поселкеішілік желілер. Бұл жұмыстарды 2008 жылы «Строймонтаж» ЖШС бастаған болатын. Екі жыл бойына бюджеттен 56 млн теңге аударылыпты. Алайда әрі қарай қаржыландыру болмағандықтан құрылыс аяқталмай қалған. Осындай проблемалар Ынтымақ пен Құрылыс ауылдарында да орын алған, алайда ол жерден қаржы полициясы 32 млн теңгеден астам мөлшердегі қаржы ұрлау фактісін де анықтаған. Сот үкімімен «Строймонтаж» ЖШС директоры Э. Жамалетдинов кінәлі деп танылды, бірақ оның жазасын қатаң деп атау қиын. Одан 300 мың теңге өндіріліп алынған.

 

ЖЫМҚЫРУ

Құрманғазы ауданында6 нысан аяқталмай қалды. Алайда олардың, мәселен, бірінің тапсырылу мерзімі 2006 жыл болатын. «РАСК» ЖШС Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егіндіқұдық елді мекендеріне жалғайтын 2-кезекті Қоянды топтық су құбырын салуы тиіс еді. Жұмыстардың жалпы құны – 344 млн теңге. Алайда ЖШС ақыры жұмысын аяқтаған жоқ, ал директоры қашып кетті. Көп жылдар бойына жарамсыз боп қалған салынып жатқан нысандарды қайта жарақтауға тағы 384 млн теңге бөлуге тура келген.

Келесі нысандар Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық елді мекендерін 3-кезектегі Қоянды топтық су құбырына қосу шеңберінде қарастырылған. Оның мердігері «Жайықстройгаз» ЖШС боп табылады. Бұл жерде 17 млн теңге мөлшерінде ұрлау фактісі анықталған. Іс қаржы полициясына жолданды. Қоңыртерек, Балқұдық, Азғыр, Қояндыдағы топтық су құбыры, сондай-ақ, Приморье поселкесіндегі қайта жарақтаудан өткен су құбыры қазіргі уақытта мемлекеттік қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аудандық құрылыс бөлімін тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында «ЦентрСтройЛтд» ЖШС-не орындалмаған жұмыс үшін 1,2 млрд теңге мөлшерінде бюджет қаржысы заңсыз аударылғаны анықталды. Материалдар тергеуге дейін тексеру жүргізу үшін қаржы полициясына жолданды.

 

ӨТКЕН МЕРЗІМДЕГІ ЖАҢА ЖОБА

Қызылқоға ауданында «Ауыз су» бағдарламасы бойынша екі нысан уақытында аяқталмаған. Олар – Миялы, Жангелдин, Жасқайрат, Қоныстану, Тайсойған, Тасшағыл, Қаракөл, Қарабау поселкелеріндегі поселкеішілік су құбыры желілерін қайта жарақтау және «Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ» су құбыры желілерін күрделі жөндеу жұмыстары. Алайда қазіргі уақытта олар мемлекеттік қабылдауға дайындалуда.

Мақат ауданында осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 105 млн теңгеге екі су жинау резервуары салынды. Бірақ олар жұмыс істемей тұр, өйткені нормалар бұзылып салынған. Келісім-шарт жобалау-сметалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамасыз жасалған. Жобаны мерзімі өткен күнмен дайындаған. Оны жасаушылардың басты мақсаты - бөлінген 105 млн теңгенің жұмыстар тізімін «қиюластыру» болғанға ұқсайды. Осы іске қатысты бүкіл мәліметтерді прокуратура қаржы полициясына жолдады. Сол Мақат ауданында жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Доссор мен Мақат поселкелерінің поселкеішілік желілерін салуға және қайта жарақтауға 559 млн теңге бөлінген. «МұнайҚұрылысЛтд» ЖШС-не бюджеттен 167 млн теңгеден астам қаржы аударылса да, нысандарда ешқандай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Атырау қаласында «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бюджет қаржыларының пайдаланылуын тексеру барысында да өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Өткен жылдың желтоқсанында «Азия Маркет С» ЖШС №5 сүзгі стансасын пайдалануға берген еді. Алайда жұмыстардың бір бөлігі аяғына дейін орындалмаған боп шықты. Жұмыстардың жалпы құны – 4,4 млрд теңге шамасында, «кемшіліктер» 78,5 млн теңгеге шыққан.

- Тексеру аясында 6 қылмыстық іс қозғалды, 4 адам сот үкімі бойынша сотталды. Қаржы полициясы осы нысандарды қабылдаған аудандық және қалалық әкімдіктегі лауазымды тұлғаларға қатысты материалдарға тексеру жүргізуді жалғастыруда ,– деп хабарлады Рүстем Ғапу.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

3 қазан 2012, 21:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.