Атырау, 28 желтоқсан 09:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

«Бізге анықталмаған сүйектерді алып кетуді ұсынды» (+толықтырылды)

3 328 просмотра

Қатардағы жауынгер Мейірхан Именов.Елді дүрліктірген Арқан-Керген шекара бекетіндегі қайғылы оқиғаның соңғы нүктесі қашан қойылары белгісіз.

14 шекарашының 11-інің өлгендігі расталды, ал қалған үшеуін қазақстандық сарапшылар растай алмай отыр. Олардың ішінде Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны Мейірхан ИМЕНОВ те бар. 

Шекарашылардың өртеніп кеткен сүйектері нақты кімге тиесілі екендігін анықтау үшін осыдан бірнеше ай бұрын Германияға геномды сараптама жасатуға жөнелтілген еді.

27 қыркүйек күні Мейірханның әкесі күні Сағындық ИМЕНОВ Бас прокуратураның шақыртуымен сараптама қорытындысымен танысу үшін Астанада болып қайтты.

- Мен онда Денис РЕЙДІҢ ата-анасымен бірге болдым. Прокуратурада бізге ДНҚ сараптамасының тек бір шекарашының – Рүстем АҚЫЛБАЕВТЫҢ ғана тұлғасын анықтағанын оқып берді, ал басқа екі шекарашының тұлғасын неміс сарапшылары анықтай алмаған, - деді Сағындық Именов Индербор поселкесіне оралған соң. - Бірақ, соған қарамастан, бізге ұлдарымыздың өлгендігін хабарлап, кімдікі екені анықталмаған сүйектерді алып кетуді ұсынды. Біз де, Денистің ата-анасы да одан бас тарттық. Себебі, белгісіз сүйектердің біздің ұлдарымыздікі екендігіне көзіміз жетіп тұрған жоқ.  Жақын күндері біз шетел үкіметтеріне біздің балаларымызды іздестіруге көмектесуін сұрайын деп отырмыз.

Мейірхан Именов 4 қазанда 20 жасқа толатын еді.

Данияр Балғабаев, Жеңіс Сағынғалиев, Бекзат Әмірғалиев.Естеріңізге салсақ, Арқан-Керген шекара бекетінде М. Именовтен басқа Атырау облысынан тағы үш шекарашы әскери борыштарын өтеп жатқан болатын. Бұлар Мақат ауданының Доссор селосынан Данияр БАЛҒАБАЕВ, Құрманғазы ауданының Жыланды ауылынан Жеңіс САҒЫНҒАЛИЕВ және Қызылқоға ауданының Миялы селосынан Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВ. Олардың сүйектері сәйкестендіру сараптамасынан кейін үйлеріне әкетіліп, туған жер қойнына тапсырылған еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

 

Бас прокуратурадан сүйектері анықталмаған шекарашыларды хабар-ошарсыз кеткендер деп тануды өтінбек

Жауынгерлер аналарының комитеті Бас прокуратурадан «Арқан-Керген» бекетінде тұлғалары анықталмаған шекарашыларды хабар-ошарсыз кеткендер деп тану туралы өтініш бермек, деп хабарлады Астанадағы жауынгерлер аналары комитетінің төрайымы Людмила Костенко.

«Біз ҚР Бас прокуратурасына «Арқан-Керген» шекара бекетінде геномдық сараптамамен жеке тұлғалары анықталмаған екі шекарашыны хабар-ошарсыз кеткендер деп тану туралы өтінішпен шықпақпыз. Бұл тергеу аяқталғанға дейін таяу күндерде жүзеге асырылатын болады», - деді Костенко.

«Егер адам болмаса, денесі жоқ болса, оны қаза болған деп есептеуге болмайды ғой. Өлгендігі дәлелденбеген бұл балалар хабар-ошарсыз кеткендер деп танылулары тиіс. Биылғы жылдың 27 қыркүйегінде шекарашылар Денис Рей мен Мейірхан Именовтің ата-аналарының қолдарына сүйектері анықталмаған сарбаздардың қайтыс болғандығы туралы құжат берілген. Мұндай құжат елтаңбасы бар және мөр басылған бланкіде болуы тиіс. Ал бұл жерлеуге жарамсыз қағаз. Мұнымен ата-аналары тіпті қайтыс болғандығы туралы куәлік те ала алмайды», - деп мәлімдеді Людмила Костенко.

Естеріңізге салсақ, «Арқан-Керген» бекетінде қаза болған 14 шекарашының үшеуі 27 қыркүйекке дейін беймәлім болып келген еді. Берлин қаласындағы Шарите құқықтық медицина институты жүргізген геномдық сараптама нәтижелері бойынша, олардың бірі - Рүстем Ақылбаев идентификацияланды. Бас әскери прокуратураның баспасөз хатшысы Ақбар Әбділдиннің хабарлауынша, «ДНҚ жарамсыз болғандықтан қалғандарының сүйектерін идентификациялау мүмкін болмаған».

Тұлғасы анықталмаған шекарашылар Денис Рей мен Мейірхан Именовтің ата-аналарына олардың ұлдары қаза тапты деп танылған құжат берген. Табылған мүрделердің Рей мен Именовке тиесілі екендігі туралы қаулы шекарашыларды өлтірді деп күдіктелген Владислав Челахтың жауабы бойынша және тергеу сараптамасы жүргізген сарапшылардың қорытындысы негізінде шығарылған.

Дереккөз: tengrinews.kz

28 қыркүйек 2012, 18:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.