Бірнеше жыл өткеннен кейін Атырау көшелеріне су ағыны арқылы асфальт бетінен жол жиегіне шаң мен қоқысты шайып тастайтын қуатты ЗИЛ машиналары қайта келді.
«Арнаулы автобаза» КМК директоры Арман ТӘШЕНОВТІҢ айтуынша, жолды «ұмыт қалған жақсы» әдіспен тазартуды қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ еске салған. Суару машиналарының негізгі мақсаты – тұрғын үйлердің жылу жүйелерін шайып тазалау және көшелердегі жасыл өскіндерді суару. Арнаулы автобазаның автоколоннасында бар болғаны 10 суару машинасы бар. Олардың көмегімен жолдарды тазалау ПИК-тердің 93 пайызы қысқы маусымға дайындықты аяқтап, тұрбаны шайып-тазалағаннан кейін ғана мүмкін болады.
Әзірге суару машиналарын тек Азаттық, Махамбет, Әуезов, Сәтбаев және Владимирский көшелерінің бойындағы асфальтты тазартуға ғана қолдану жоспарланып отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Cуретті түсірген автор