Ең биік әрі бұтақты фикус Павел есімді Балықшы кентінің тұрғынының үйінде өсіп тұр. Өсімдіктің биіктігі 3 метрге жеткен, ал жапырақтарының аумағы шамамен екі алақанның көлеміндей.
«Бұл әлі де өседі деп ойлаймын» деп болжайды жасыл фикустың иесі. Кейін білгеніміздей, фикус мұндай биіктікке жыл жарым уақытта жеткен екен. «Ешқандай арнайы тыңайтқыштар қолданған жоқпын, тек жеткілікті суарып, күн көзі түсетін жылы жерге қойдым», деп сендіреді гүл өсіруші.
Қысы-жазы фикус та басқа өсімдіктермен қатар бақша ішінде салынған кішігірім ғана жылыжайда өседі екен. Әйнектен жасалған жылыжайдың төбесі өсімдіктерді күн көзінен таса қылмайды, ал аптап ыстықта бұл ғимараттың іші нағыз тропикке айналады.
Жасыл желектерін күн сайын суаруды ұмытпайтын Павел тәжірибе жасап та үлгереді, топырақтың үстіне бөлме өсімдіктерін еге бастапты.
Бұл тәжірибелер керемет нәтиже бере бастады, қырыққұлақ (папоротник) шырмауық секілді бүкіл жылыжайды орап, фикусқа ілініп тұр екен және қыркүйектің басында ойламаған жерден сәл жел тұрса айналаны жауып кететін кішкентай ақ гүл жара бастаған. Алып алоэ болса, жанындағы белсенді жеміс беретін екі лайм ағашын өзінің жапырақтарымен ығыстырып барады. Раушандар, шегіргүлдер, пальмалар – бұл жерде не жоқ дейсің...
Өзінің жасыл достарын балықшылық тұрғын Астрахан қаласынан әкеледі екен. «Онда таңдау да көп, бағасы да тиімді әрі олар жақсы өседі».
ГҮЛДЕРДЕН СУРЕТ САЛУШЫ
Ал, Әйтеке би көшесі, 27 үйдің тұрғыны Ғалия өзінің үш метрлік драценасымен мақтанады. Оның терезе алдындағы тақтайшалары ыдыстағы гүлдерге лық толы, ал ауласын құдды үлкен бір гүлзар дерсің. «Шетелдіктердің маған гүлдердің дәнін әкеліп беріп, оның орнына уылдырық сұраған кездері де болған. Ал қазір дәндерді Алматы мен Атырауда сатып аламын, - дейді гүл өсіруші.
Соңғы кездері Ғалия гүлдерден түрлі мүсіндер жасаумен айналысып жүр. Қақпаның алдында қонақтарды бауырсақ пен кірпі қарсы алады. Жақында шебер көзілдірікті ер адам мен бұрымды қыздың мүсінін жасап шығарды.
«Жаз мезгілінде менің үйім үйленіп жатқан жастардың келіп, құрмет ететін орнына айналады, ал қыдырып жүрген жұптар мен балаларын ерткен ата-аналар гүлдерімнің қасында суретке түсу үшін арнайы келеді, - деп шебер әйел қуанышымен бөлісті. – Егер барлық адамдар сұрланған күнделікті өмірден арылып, үйлерінің жанынан осындай ертегі әлемін жасап жатса, жақсы болады ғой. Сол кезде біздің қаламыз бұдан да әрлене түсер еді».
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор