Атырауға келген «Балық шаруашылықтары қауымдастығы - BD» ЗТБ басшылары мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС (биылғы ақпаннан бастап Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты деп аталады) директоры Қуаныш ИСБЕКОВ жергілікті балық аулау кооперативтерінің төрағаларымен кездесті. Кездесуде салықтар, теңіз флоты, Жайықтағы желтоқсанда болған апаттың себептерін анықтауға әлі де кеш еместігі туралы әңгіме болды.
Қауымдастықтың Атырау өкілдігінің директоры Санат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ өзекті мәселе туралы сөз қозғады:
- Салық заңнамасында жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін 100 пайыз алдын ала төлем қарастырылған. Бұл балық аулауға дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын көп қиындатады. Өйткені ештеңе ауламастан бәрін төлеу қажет. Мен Ресей тәжірибесін ұсынамын, мұнда табиғат пайдаланушылар бөлінген квотаның 10 пайызы мөлшерінде, ал қалғандары – нақты ауланған биоресурстар үшін алдын ала төлем жасайды. Теңізден және өзеннен балық аулау лимиттерін біріктіру керек деп есептеймін. Астрахан облысының тәжірибесін қарастырайық. Мұнда балық шаруашылығының әр субъектісі балықты өңдеу, флот, тасымалдау мүмкіндігі бойынша өндірістік қуатты комиссиялық бағалаудан өтеді және оған 10 жылға лимит бөлінеді. Ресейлік балықшылардай түнгі уақытта Қиғаш өзенінен балық аулауға рұқсат берілсе деген ұсынысым да бар.
Келесі ұсынысым – көктемгі балық аулау маусымының мерзімін бірыңғай қылу. Қазір бізде былай: Жайық өзенінде – 24 сәуірге дейін, теңізде 9 мамырға дейін, Қиғаш өзенінде 25 мамырға дейін. Ал ресейлік балықшыларда теңізде және Қиғашта балық аулау мерзімі бір – 25 мамырға дейін.
Қ.Исбеков сөз алды:
- Өткен жылы теңізден балық аулау проблемасы бойынша мораторий салуға дейін қозғалған түрлі пікірлер болды. Біз тереңдігі 3 метрге дейінгі жерлерде және Жайық сағасының екі жағы 50 шақырымнан болатын жерлерде теңізден балық аулауды шектеу қажет деген шешімге келдік. Бұл шектеулер теңізден балық аулауды дамытуға көмектеседі. Маған «Амангелді» ЖШС тәжірибесі ұнайды. Олармен бірлесіп тәжірибе жүргіздік. Енді олардың теңізден ау құралдарын пайдаланып, кефаль, шабақ балық, майшабақтарды аулайтын тәжірибесі бар.
Қ.Исбековке «АЖ» қойған сұрақтар:
- Жайықтағы балықтың желтоқсандағы жаппай қырылуы туралы не айта аласыз?
- Жыл басында Жайықты кешенді зерттеу бастамасын қолға алдық. Облыстық әкімдік қолдау көрсетіп, 80 млн теңге бөлінді. Біздің институт осы жобаны жүзеге асыру жөніндегі конкурсқа қатысады деп үміттенемін. Қазір, әрине, балықтың қырылу себебін анықтау қиын. Бірақ үміт үзбейміз. Зерттеу жұмыстарына балық шаруашылығы мамандары ғана емес, ветеринарлар, микробиологтар, вирусологтар және басқа мамандар да тартылуы тиіс. Су сапасынан бастап азықтық организмдерге дейін бәрін тексеру керек. Ең алдымен су түбіндегі организмдерді қарау керек. Олар көп қоныс аудармайды және өз бойына уытты заттарды жинайды. Әлдебір жауаптарды осылардан алуымыз әбден мүмкін.
- Жайықта қанша балық қалды?
- Кәсіпшілік қор деген түсінік бар. Ол Жайықта - 20 мың тонна. Қырылған балық массасы бұл көлемнің 0,04 пайызы болады. Биылғы балық аулау маусымы бұл апаттың балық қорларына түбегейлі әсер етпегенін дәлелдеп отыр.
«Амангелді» ЖШС директоры Сәбит САҒИДУЛЛИН:
- Кооперативтер сатып алған кемелер субсидияланады ма? Бірде-бір мемлекеттік бағдарламада мұндай шығындар қарастырылмаған. Ал комбайндар, тракторлар, ет өңдейтін цехтар субсидияланады.
«Балық шаруашылықтары қауымдастығы - BD» ЗТБ атқарушы директоры Нұржан ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ қазір қауымдастықтың белсенді қатысуымен балық шаруашылығын дамытудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын, бұл құжаттың жобасына теңізден балық аулау флотын субсидиялау туралы тармақ енгізілгенін айтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суреттерді түсірген Анастасия АЛЮШИНА