Атырау, 28 желтоқсан 08:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

«Атырау» ӘКК: бұрынғы басшылар ауысты

2 862 просмотра

20 қыркүйекте «Атырау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшылығы түгелдей ауысты.

Естеріңізге салсақ, «Атырау» ӘКК-ның 2010 жылы Атырау мен Маңғыстау облысы әкімдіктерінің арасында акция пакетін бөлу арқылы «Каспий» ӘКК қайта ұйымдастырылғаннан кейін бөлініп шыққаны белгілі. 2011 жылдың маусымынан бастап «Атырау» ӘКК-ның жалғыз акционері Атырау облыстық әкімдігі болды. Ал АҚ-ның директорлар кеңесін сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ басқарған еді. Басқарма (АҚ атқарушы органының) төрағасының міндетін соңғы уақытқа дейін Мұрат САРМАҒАМБЕТОВ атқарды. Ал қазіргі облыстық мәслихаттың депутаты және бас прокурор Асхат ДАУЫЛБАЕВТЫҢ сыбайлас жемқорлыққа қарсы баяндамасында бой көрсетіп қалған кәсіпорынның меншік иесі, танымал кәсіпкер Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ тәуелсіз директор болды.

«Атырау-Ақпарат» КМК ғимаратында орналасқан ӘКК кеңсесінде жаңа басшылық таныстырылды. Дәукеновтің орнына директорлар кеңесіне облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ басшылық етті. Өз еркімен арыз жазған Сармағамбетовтың орнына бұрын орынбасар лауазымында қызмет атқарған Абат ТАСИМОВ тағайындалды. Жуырда ғана «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалына басшы болған Асылбек ЖАКИЕВ тәуелсіз директор боп тағайындалды. Айпақшы, бұл орынға ол аталмыш баяндамаға кәсіпорны іліккен Владимир ПАКТЫҢ орнына келген еді.

Республикалық БАҚ-тардың хабарлауынша, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшылығы (Маңғыстау облысы) компанияны банкротқа ұшыратып, өздері қашып кеткен. ӘКК-нің бұрынғы төрағасы Асқар НҰРҒАЛИЕВ әлеуметтік баспана құрылысына жұмсалуы тиіс қаржыға 6 ұшақ сатып алған. Ал ұшақтар әлі күнге дейін ӘКК меншігі боп тіркелмеген.

Естеріңізге салсақ, «Атырау» ӘКК бүгінгі күні бірқатар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырушы оператор боп табылады. Соның ішінде, тұрақтандыру қоры аясында халықты арзан азық-түлікпен қамтиды (жоба басталған уақытта 500 млн теңге бөлінді). ӘКК сондай-ақ, Терможаңғырту бағдарламасының бірінші механизмі бойынша тапсырыс беруші боп табылады. Бұдан бұрын хабарланғандай, жарғылық капиталға бөлінген қаржының жалпы сомасы 120 млн теңгені құрайды.

Бұдан басқа, ӘКК «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында ауыл кәсіпкерлерін шағын несиелеуші өкілетті аймақтық орган боп табылады.

Ал таяуда австриялық бизнесмендердің Ғ.Дүйсембаевпен кездесуі барысында ӘКК-нің Атырау әуежайының қосалқы қожайыны екендігі белгілі болды. 

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

26 қыркүйек 2012, 20:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.