Атырау, 25 қараша 00:43
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тұмшаланбаған ескі ұңғымалар қауіпті ме?

6 034 просмотра


Атырау облысының аумағында Каспийді ластап қана қоймай, тіпті, экологиялық апат тудыруы әбден мүмкін кемінде үш ескі мұнай ұңғымасы бар.

ҚР Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті «АЖ» сауалына Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мұнай және газ ұңғымаларының кадастры соңғы рет 9 жыл бұрын жасалғанын және мұның республикалық бюджеттік «Мұнай және өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және тұмшалау» бағдарламасының аясында жүзеге асырылғанын хабарлады.

Міне, 2019 жылы 1262 ұңғыма зерттелген: Маңғыстау облысында - 426, Атырау облысында - 836. Зерттеу нәтижелері бойынша ықтимал су басатын аймақтағы 11 ұңғыманы тұмшалау ұсынылған.

Бұл қалған ұңғымалар ешқандай қауіп төндірмейді деген сөз емес. Олардың уақыты әлі келген жоқ. Кез-келген кеніштен ондаған жылдар бойы мұнай өндірілсе де, қорлардың тек үштен бір бөлігі шығарылатыны әлемдік тәжірибеден белгілі.

Қайталап өндірудің тиімділігі аз, әрі шығыны көп болғандықтан, мұнай кенін әдетте тұмшалап тастайды. Уақыт өте жер қойнауындағы қабаттық қысым қалпына келтіріледі де, күкіртсутек коррозиясының салдарынан тозған ұңғымалардан мұнай жылыстай бастайды. Мысалы, Ресейдегі Астрахан облысының Ақсарай кенішінде осылай болды. Айтпақшы, ондай жағдай бізде де орын алған: 1980-2008 жылдар аралығында Теңіз ұңғымаларында болған жүздеген шығарындылар, апаттар Қаратон, Кеңарал, Сарықамыс ауылдарының тұрғындарын көшіруге әкелді.


ЖОЙЫЛҒАН ҰҢҒЫМАЛАР

«Ескі ұңғымалар жойылды», - деп растайды Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр НАДЫРБАЕВ. Ол ұсынған мәліметтер бойынша, 2002-2009 жылдар аралығында теңізде 47 ұңғыма, құрлықта 52 ұңғыма жойылған. 2016 жылға қарай тағы 31 ұңғыма жойылды: 1-еуі - Құрманғазы ауданында Каспий теңізінің жағалау аймағында, 23-і - Ақтөбе облысында және 7-уі – Маңғыстау облысында.

Алайда олар дер кезінде жойылды ма деген сұрақ туындайды. Осы 6 жыл бойы олар зиянын таратып, бәленбай шақырым жердегі тіршілік атаулының бәрін жойып отырған ғой.

Бізге, қала тұрғындарына бір сасық ұңғыманың айналадағы нәрсенің бәрін қалай улайтындығы беймәлім, бірақ Исатай ауданы Жанбай ауылының тұрғындары бұл жағдайды бастан кешкен:

- Ауылымызға жақын маңда ескі ұңғыманың қайнап жатқанын жарты жылдай бақыладық. Сондай сұмдық еді: тәулік бойына сасыған иістен тереземізді де аша алмайтын едік, - дейді осы ауылдың тұрғындарының бірі. – Балаларға ол жерге жақындауға үзілді-кесілді тыйым салдық. Бірақ ол балаларды өзіне тартатын. Аллаһ куә, біз ауыл болып, балаларды ол жерден қуып жүретінбіз. Бағымызға қарай, оған адам да, мал да түсіп кетпеді.

Ауыл тұрғындары 2013 жылғы оқиғалар туралы әңгімеледі. Ол кезде ауылдан 800 метрдей қашықтықтағы ескі ұңғымада жерасты газ ерітінділері бұрқылдап қайнап жатады екен. Бұрын бұл жерде бұрғылау жұмыстарының жүргізілгені, кейіннен белгісіз себептерге байланысты тоқтатылып, алаңды топырақпен көміп тастағаны белгілі болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұрын бұрғылау ұңғымасы болған жерді су басқан, ал оның төңірегіндегі бүкіл өсімдіктер күйіп кеткен.

Қазір бұл ұңғыманың халі нешік? «АЖ»-ға берілген сол жауапта 2006 жылы «Потенциал Ойл» ЖШС бұрғылаған  №С-7ПО ұңғымасы қазір ЖШС-нің өз қаржысы есебінен жойылғаны және экологиялық қауіп төндірмейтіндігі айтылған. Ол жақтың тұрғындары 5 жыл өтсе де, ол жердің топырағы жанданбағанын айтады.


АҒЗА ТӨТЕП БЕРЕ АЛМАДЫ

Естеріңізге салсақ, Каспийдің қазақстандық секторында жануарлар әлденеше рет қырылды. Ең көп қырылған кезең - 2000 жыл. Сол кезде мыңдаған өлі итбалық жағалауға шығып қалды. Олардың қырылуына созылмалы токсикоз себеп болған деді. Биологиялық ерекшеліктеріне қарай, теңіз жануарларының ағзасына мұнай токсиндері жиналып, бұл иммунитеттің күрт төмендеуіне және инфекциялық ауруға шалдығушылыққа әкеп соққан...

2006 жылдың көктемінде тағы 300 итбалық қырылды. Тағы бір жылдан кейін бұл трагедия қайталанып, Қаламқас кенішінің маңында табылған итбалықтар саны мыңға жуықтады. Тағы үш жылдан кейін өлі жануарлардың саны жүздеп саналды. Келесі жылдары да шамамен осындай мөлшерде өлі итбалықтар жағалау бойында әртүрлі жерден табылды.

Бұл тек біздің елде ғана емес, теңізден мұнай өндіретін бүкіл Каспий бойындағы елдерде – Иранда, Түркіменстанда, Ресейде, Әзірбайжанда ескі ұңғымаға қатысты осындай проблемалар бар.


АСТАНА КӨЗҚАРАСЫ

Теңізшілер тозығы жеткен ескі ұңғымалардан аққан мұнай дақтарын көре ме? Балық шаруашылығы қауымдастығы жергілікті өкілдігінің директоры Салауат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ жақында теңізге шыққанын, шамамен өзен сағасынан 50 шақырым жерде және әрі қарай Каспий айдынынан ештеңе көрмегенін сенімді түрде айтып отыр. Оның үстіне, эколог ретінде емес, Каспийді білетін және жақсы көретін жан ретінде қазіргі жағалаудағы ұңғымалардың теңіз таяз болғандықтан қауіп тудырмайтынына сендірді. Бұл қуантатын жайт.

Ал енді геология және жер қойнауын пайдалану комитеті келесі қауіптерді атады. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің геологиялық ақпарат басқармасының бас сарапшысы Тимур ҚАЛЕЛОВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше шақырым жерді улайтын ұңғыма туралы нақты белгілі екен. Ол Прорва Теңіз Г-1 алаңында. Облысымыздың аумағындағы бұл жер Каспий теңізінің су басқан аймағында орналасқан. Өткен жылы ұңғыманы жоюға 52 миллион теңге бөлінген. Бірақ жұмыстар жүргізілмей, қаржы бюджетке қайтарылыпты. Исатай ауданының Лиман алаңындағы Л-30J және ET-4 ұңғымалары белгілі, оларды да жою ұсынылған. Айта кету керек, жоғарыда аталған апатты ұңғымалардың барлығы мемлекет балансында тұр. Қашан болса да бұларды оқшаулау-жою жұмыстары жүргізіледі деп сендіреді комитеттегілер. Оның үстіне, иесіз қалған апатты мұнай және газ ұңғымаларының жаңа кадастрын жасауға уәде етіп отыр. Бірақ мұның нақты қашан болатыны белгісіз. Ал әзірге теңізде шын мәнінде не болып жатқанын оны мекендеушілер мен мұнай өндіретін компаниялар ғана біледі.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

13 сәуір 2019, 12:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.