Атырау, 25 қараша 02:32
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жанбайлықтардың жанайқайы

3 369 просмотра

Исатай ауданы Жанбай селосынан 800 метр қашықтықта жатқан жерасты газының бұрқылдап қайнап, ауаға тарап жатқанына жеті айдың жүзі болыпты (суретте). Алайда, бұл мәселенің нақты шарасы алынбай келеді. Бұған жергілікті тұрғындар күйініп отыр.  

Бұл жерде осыдан алты жыл бұрын «ПМ Лукас» бұрғылау компаниясы бұрғылау жұмысын жүргізіп, кейін неге екені белгісіз, геологиялық барлау жұмысы тоқтап қалғаннан кейін ол жер көміліп тасталған еді. Бұл жер телімі бүгінде мемлекеттің қарамағына көшкен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бірнеше жылдан кейін бұрғыланған жерді су басып, айналасына шөп шықпай, қап-қара болып күйген түрінде қалды. Ал өткен жылдың 30 қарашасында бұрғыланған жерден 10 км, яғни №7 бұрғылау ұңғымасындағы ақаудың салдарынан жерасты газы бүлкілдеп бетіне шығып, қайнай бастады. Бастапқыда шламдар екі күн сайын «ПотенциалОйл» ЖШС-нің  көмегімен алынып отырылды. Бүгінде бұрқылдау бұрынғысынан сирегенімен ауыл адамдары үрей құшағында отыр. 
- Бірнеше айдан бері оған ойнаған бала, болмаса мал түсіп кете ме деп қорқумен келеміз. Газдың ауаға таралып, қаншалықты зиян шектіріп отырғанын білмейміз, бірақ жағымсыз иістен терезе желдеткішін ашу мүмкін емес. Енді біз ұрпағымыздың келешегіне алаңдай бастадық. Мұнай ұңғымасын залалсыздандыру жұмыстары неге қолға алынбай отыр? Бұл жерде адамдар өмір сүріп жатыр емес пе? - дейді Жанбай селосының тұрғыны Әнуарбек ЗАЙДОЛЛАҰЛЫ. 
Таяуда №7 бұрғылау ұңғымасынан шығып жатқан газ бен ерітіндіден келер залалдан қауіптенген тұрғындар жергілікті әкімдікке шағымдарын жеткізді 
- Бұл шынымен де алаңдатарлық жағдай. Аудан әкімінің қолдауымен ұңғыма аумағының топырағын көтеріп, толықтай темір ауламен қоршалды. Дегенмен жер бетіне шығып жатқан газ ерітіндісін тоқтату мүмкін болмауда. Жуырда әкімдікте мәжіліс өткізіліп, оны жою мақсаты талқыланды. Алдымен сметалық құжаттамасын жасап, тендер өтіп, соған байланысты шаралар алынуы тиіс, - дейді Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ.   - Бұл жұмыстар «Горизонт» ЖШС, «ГеоПроект» ЖШС және «ПотенциалОйл» ЖШС-не тапсырылды. «ПотенциалОйл» ЖШС қосымша қаржыны Мәскеуден сұраған, олар беруге келісті. 
Қалай еткенде жұрттың үрейін ұшырып отырған бұл мәселені оңды шешу жолы қарастырылуда.
 
Ләззат Қаражанова
15 тамыз 2013, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.