Бүгін, 12 сәуірде сағат 14 шамасында Атырауда Балықшыдағы Құнанбаев көшесінде қатты ұйтқыған желдің екпінімен бес қабатты үйдің шатыры ұшып кетті. 125 шаршы метр болатын жабын өтіп бара жатқан адамдардың төбесінен ұшып өтіп, кетіп бара жатқан жеңіл көліктердің үстіне түсті. Бақтарына қарай, ешкім зардап шеккен жоқ.
ТЖД ақпараты бойынша, қазір ол жерде комиссия жұмыс жасап жатыр. Осы бөлікте қозғалыс үшін жол жабылған.
- А.Құнанбаев көшесі, 19 мекен-жайында орналасқан үй 2012 жылы терможаңғыртудан өткен. Жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарының кепілдік мерзімі 2014 жылы өтелген. Сондықтан, бұл жағдайда мердігер мекемені кінәлай алмаймыз. Шатыр құлауына байланысты барлық мәселелерді заң тұрғысынан құрылған арнайы кеңес шешеді,- деп хабарлады Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.
Айта кетсек, сағат 15.30-да жолды тазартып, 16.00-де Құнанбаев көшесінде көлік қозғалысы қалпына келтірілді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген Анастасия АЛЮШИНА және куәгерлер