Атырау, 26 желтоқсан 18:08
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Кәсіпорын мәртебесі өзгереді

1 808 просмотра

2012 жылдың 1 қазанынан бастап «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы (ӨФ) өз мәртебесін акционерлік қоғамға (АҚ) ауыстырады.

Жұртшылықпен байланыс жөніндегі өкіл Жұлдыз ЖҰМӘДІЛОВАНЫҢ айтуынша, ӨФ мәртебесінің АҚ-ға ауысуы туралы көптен бері айтылып келеді екен:

- 1 маусымнан бастап біз «Өзенмұнайгаз» ӨФ-ын акционерлік қоғамға ауыстырдық. Ал 1 қазаннан бастап «Ембімұнайгазды» ауыстырмақпыз. АҚ мәртебесі компанияның стратегиясына сәйкес келеді. Бұрын «ӨМГ» мен «ЕМГ»-де туындайтын мәселелер орталық аппаратқа жолданып, ең ұсақ деген проблеманың өзін шешу созылып кететін. Енді АҚ мәртебесін алу арқылы компания дербес кәсіпорынға айналады.

«Ембімұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Абат НҰРСЕЙІТОВ, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры – басқарма төрағасы болып «Ембімұнайгаз» ӨФ директоры Жұмабек ЖАМАУОВ сайланды.

Кәсіпорынның мәртебесі ауысатындығы туралы жұмыс ұжымына ресми түрде директорлар кеңесінің отырысынан кейін жарияланды.   

«Қызметкерлердің «Ембімұнайгаз» АҚ-на өтуі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49 және 285-баптарындағы нормаларға сай жүзеге асырылады, қазіргі еңбек шарттарында қарастырылған жағдай және қолданыстағы ұжымдық шартта  көрсетілген барлық кепілдіктер, өтемақылар мен төлемдер сақталады», - деп хабарланған баспасөз релизінде.

Сондай-ақ, «ҚМГ БӨ» АҚ шешімімен «Ембімұнайгаз» АҚ пайдасына төмендегі алты келісім-шарт бойынша мұнай кеніштерін игеруді жүзеге асыруға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді: №37 Кенбай кеніші; № 61 Оңтүстік-шығыс Новобогатинское; № 211 Ботақан, Мақат, Доссор, Таңатар, Камышитовое және т.б. - барлығы 23 кеніш; № 413 Прорва, Құлсары, Қаратон, Қосшағыл және т.б. - барлығы 15 кеніш; № 327 Тайсойған кеніші; № 992 Батыс Новобогатинское кеніші.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

26 қыркүйек 2012, 19:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.