22 қыркүйек күні Астанада «Қазақстан барысы» ҚР президенті сыйлығы үшін қазақша күрестен дәстүрлі ұлттық турнир өтті.
Турнирдің жүлде қоры 24 млн теңгені құрады. «Қазақстан барысының» алтын белбеуі үшін жарыс жолына абсолютті салмақ категориясы бойынша қазақша күреспен туыстас болып келетін еркін, грек-рим, белбеу күрес, дзюдо және самбо жекпе-жектерінің атақты шеберлері – барлығы 34 спортшы қатысты.
Атырау облысының өкілі, дзюдодан спорт шебері Кенжебек КҮЗЕМБАЕВ спортшылардың ішіндегі ең жасы болды (21жаста). Ол екі белдесуде жеңіске жетті – Ақмола облысынан келген Руслан Жұмаев пен Солтүтік Қазақстандық Дәурен Ислямовтан басым түсті. Ширек финалда Кенжебек турнирдің өткен жылғы күміс жүлдегері, Жамбыл облысының балуаны Бейбіт Ыстыбаевпен кездесіп, қарсыласына жол берді. Соңында осы спортшы «Қазақстан барысының» алтын белбеуіне ие болды.
Қазақша күрестен облыстың аға жаттықтырушысы Есенқос Зұлқановтың айтуынша, Кенжебек бұл турнирде өте мықты өнер көрсетті, оның бағындырар белестері әлі де алда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ