Заңнаманы ізгілендіруге байланысты Қазақстанда түрмедегі тұтқындар саны соңғы жылдары екі есеге жуық азайған. Осы себепті 2016 жылы Атырауда УГ-157/10 мекемесі - қоныс колониясы жабылды. Өңірімізде басқа абақтыларды жабу жоспарда бар ма?
Халықаралық түрмелерді зерттеу орталығының (ICPS) мәліметтері бойынша, өткен жылы отандық түзету мекемелерінде 49 мың адам болған. Бұл әлем бойынша 35-ші орын. Атырау облысында қазір сотталған және қамауға алынған күдіктілер саны 623 адам. Бір тұтқынға жылына 450 мың теңге бюджет қаржысы жұмсалады.
Атырау облыстық ҚАЖД ақпараты бойынша, өңірде үш пенитенциарлық мекеме бар: УГ-157/1 – тергеу абақтысы, УГ-157/9 – ерлер түзету колониясы және УГ-157/11 әйелдер колониясы. Бүгінде тергеу абақтысында 135 адам отыр, мұнда 142 штат бірлігі жұмыс істейді: басшылық құрам, қатардағы құрам, әкімшілік-мемлекеттік қызметкерлер, ерікті жалданушы құрам және шаруашылық қызмет көрсетушілер.
УГ-157/9 мекемесінде – 324 сотталушы бар, 102 штаттық бірлік жинақталған. Ал УГ-157/11-де 164 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Оларға 149 штаттық бірлік «қызмет етеді».
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және түзету мекемелерін оңтайландыру жұмыстары ойдағыдай жалғасуда. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда тағы төрт түзету колониясын жабу жоспарланып отыр. Бірақ әзірге Атырауда емес. Алайда үрдіс бар. Айталық сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін, мейлі ол үлкен ауқымда болса да, бізде көбінесе айыппұл салынады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА