ДЗЮДО
Екатеринбургте 15-18 жас қыздар арасында дзюдодан «Уралочка» халықаралық турнирі болды. Жаттықтырушы Азамат Тәжіғалидың жетекшілігімен барған атыраулық команда алтын және қола медальдарды иеленді.
48 келіге дейінгі салмақта Аян Дүйсенбайға тең келген ешкім болмады, ал оның 52 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған құрбысы Әйгерім Хамитова қола жүлдегері атанды.
ДОЙБЫ
Шымкентте дойбы бойынша (64 шаршы) ел чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы қанжығасына 7 медаль байлап қайтты.
«Классика» номинациясы бойынша Бекарыс Жұмалиев чемпион болды, осы номинация бойынша «қоланы» оның қарындасы Данагүл жеңіп алды. Бекарыс тағы да «рапид» номинациясы бойынша да жеңіске жетті. «Блиц» номинациясы бойынша біздің команда 1 күміс және 3 қола медальға ие болды, олар Алмай Нұрдаулет, Жанель Әдиет, Мақсат Өтеғұлов және Д. Жұмалиева.
КАРАТЭ
Немістің Галле қаласында WKF-карате бойынша «ARAWAZA CUP» халықаралық турнирі өтті. ҚР жастар құрамасында атыраулық «Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушілері Жаңбыр Бейбарыс пен Батырғали Әбілмансур болды.
Олардың екеуі де 6 жекпе-жектен ұтып, жеңімпаз атанды. Сәуір айының аяғында Малайзияда өтетін Азия чемпионатына қатысу құқығына ие болды.
* * * * *
Ақтауда 10-13 жас аралығындағы балалар арасында WKF-каратэ бойынша ҚР чемпионаты өтті.
«Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушілерінен құралған Атырау облысының құрамасы 1 «алтын», 2 «күміс» және 3 «қола» жеңіп алды. Жеңіске жеткендер: Карина Крешнёвская, Валерия Квон, Наргиз Рахметова, Саяжан Әзірғали, Яна Павел және Нұрберген Дамир. Спортшыларды «Қайсар» СК жаттықтырушылар командасы дайындады.
ТАЭКВОНДО
Гамбургте «German Open G-1» таэквондо бойынша халықаралық турнир болды.
Атыраулық спортшылар Жансель Дениз (73 келіге дейінгі салмақ) және Нұрай Хұсайынова (63 келіге дейін) қола жүлдені иеленді.
ЕРКІН КҮРЕС
Атыраулық еркін стильдегі палуан Айдын Тәжіғали 23 жасқа дейінгі жастар арасында Ұлан-батырда өткен Азия чемпионатында «қола» жүлдеге ие болды.
70 келіге дейінгі салмақта белдескен Айдын Түркіменстан мен Қытайдан келген қарсыластарынан басым түсті, кейін ирандық қарсыласына жеңісті беріп алды, ал, үшінші орын үшін болған кездесуде Қырғызстаннан келген спортшыны тізе бүктірді.
Дәл осы чемпионатта бір күн бұрын атыраулық грек-рим палуаны Қахарман Қисметов қоланы еншілеген болатын.
ЖЕКПЕ-ЖЕК
Ақтауда балалар арасында еліміз чемпионаты өтті. Атырау құрамасының қоржынында 9 алтын, 6 күміс және 9 қола болды. «Алтынды» Мажит Дархан, Теңелбай Жарқын, Жағпар Әбдірахман, Наурызбай Ерасыл, Расул Қуанышбаев, Мейрамбек Айғалиев, Ерген Жолдыбаев, Мухаммед Сұлтанов және Арсен Ризуанов жеңіп алды. М. Айғалиев сондай-ақ "Үздік техникасы үшін" марапатына ие болды. Спортшыларды Е. Майлашев жаттықтырады.
ҚАЗАҚ-КҮРЕС
Қостанайда 1999-2001 жылы туған жастар арасында ҚР чемпионаты болды. Атырау облысының құрамасы (аға жаттықтырушы А. Серғазиев) алтын және екі қола жүлдемен оралды.
55 келіге дейінгі салмақ бойынша Жәнібек Тельман еліміздің чемпионы атанды. Хамария Әмірғалиева (48 келіге дейін) және Шынар Сүйіндікова (78 келіден жоғары) «қолаға» ие болды.
ҚОЯНҚОЛТЫҚ ҰРЫС
Өскеменде қоянқолтық ұрыс бойынша ҚР Кубогі болды.
75 келіге дейінгі салмақтағы атыраулық спортшы Эльдар Мұхитов 5 жеңісті жекпе-жек өткізіп, кубокты иеленді. Жаттықтырушылары Эльдардың болашағынан үлкен үміт күтуде. Өткен жылы ол еліміздің чемпионатында үшінші орында болған еді.
ФУТЗАЛ
Атырау қаласының кубогі үшін болған финалда «APEC Petrotechnic» және «Құлагер» командалары кездесті.
Матч «Құлагердің» жеңісімен аяқталды, есеп 6:0 болды.
* * * * *
Рудный қаласында Премьер-лигаға дайындық топтарының (U-12) командалары арасында ҚР біріншілігінің ақтық кезеңі өтті.
Атырау облысының атынан үш команда қатысты - «Құрманғазы», «Құлсары» және «Мақат», алайда олардың бірде-біреуі жүлделі орынға ие бола алмады.
Дайындаған Қанат ХАСАНОВ