Қырғызстанның экономика министрлігі сәуірдің 3-і күні ел үкіметінен Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жағдайды Еуразия экономикалық комиссия алқасына шығарып, талқылау туралы бастама көтеруді сұрады. Бұл ақпаратты Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.
"Қазақстан қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің ақпараты бойынша шекарада төмендегідей құжаттар тексеріліп, сканнан өтіп жатыр: CMR (халықаралық тауар-көлік құжаты), ТТН (тауар-көлік құжаты), инвойс немесе есеп-фактура, көлік техпаспорты, шекарадан өткені туралы талон. Бұл жасырын кедендік бақылау жүргізуге жатады және түбірімен одақ нормаларына қайшы келеді. Бұл сонымен бірге Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы келісімнің 25-бабында көрсетілген - ЕАЭО ішкі нарығында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету туралы шартты бұзады" делінген Қырғызстан экономика министрлігінің 3 сәуірде таратқан мәлімдемесінде.
Бірнеше аптадан бері Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Ақ-тілек автожол" өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, 31 наурызда олардың саны 200-ден асқан еді. Бұған Қазақстан жағына өтейін деп тұрған көліктердің мұқият тексерілуі себеп болғаны хабарланған.
Қырғызстан экономика министрлігінің дерегінше, шекараның қырғыз-қазақ аумағында халық тұтынатын тауар тиеген көліктерді бақылау 19 наурыздан бастап күшейтілген. Көліктердің мұқият тексерілуіне байланысты көліктерді өткізу уақыты созылған.
Қырғызстан тарабының хабарлауынша, көліктердің ұзақ тұруына байланысты кейбір компаниялар "тауарларды уақытында жеткізе алмай" қаржылық шығын сияқты түрлі мәселерге кезіккен. Осылайша бақылау шарасы тұтас ел экономикасына теріс ықпал тигізіп отырғанын айтады.
Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Сартаева 3 сәуірде кешке қарай Азаттық тілшісіне:
- Бұған байланысты ешқандай түсініктеме бере алмаймыз. Негізі бұған байланысты барлық ақпаратты осыған дейін таратқанбыз. Бұл мәселені қазір басшылар қарап жатыр. Жұма, 5 сәуірде брифинг өткізу жоспарланып отыр" деді.
Сәуірдің 1-і күні таратқан баспасөз хабарламасында мемлекеттік кіріс комитеті көлік кептелісінің себебін "тауар тиеген жүргізушілердің тексеруден өтуге құлықты болмауымен" байланыстырған еді.
Дереккөз: Азаттық радиосы