Фото дереккөзі: itar-tass.com
Қазақстанның Экс-Премьер-министрі Кәрім Мәсімов ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Тиісті Жарлыққа бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалсын», - делінген Жарлықта.
Еске сала кетейік, Н.Назарбаев бүгін таңертең К.Мәсімовті Үкімет басшысы қызметінен отставкаға жіберу туралы Жарлыққа қол қойды.
Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы туған. Пекиндегі Тілдер институтын, Ухань заң университетін, Қазақ Мемлекеттік экономика университетін бітірген. АҚШ-тың Колумбия университетінде тағылымдамадан өтті. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін меңгерген. Еңбек министрлігінде бас экономист, бөлім бастығы, одан кейін республика Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің Үрімші (ҚХР) қаласындағы өкілдігінің аға маманы, Гонконгтағы Қазақстан сауда үйінің атқарушы директоры, кейіннен Алматы сауда-қаржы және Халық жинақ банктерінің басқарма төрағасы болып сайланды. Көлік және коммуникация министрі, Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған.
2003 жылдың маусымынан Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, 2006 жылдың қаңтарынан бастап Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарған.
2007 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi болды.