22 наурызда Индербор ауылының тұрғыны Ғарифолла ОРАЗБАЙДЫҢ үш жылқысын атып өлтіріп, біреуін көлікке тиеп алып кеткен. Бұл факт бойынша қылмыстық іс көтеріліп, іздеу-тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Осындай ұрлықтың алдын алу үшін жақында ҚР Қылмыстық кодексіне өзгертулер енгізілді.
«АЖ» қырда мал ұрлығының көбейгені, ұсталған барымташылар шығынды өтеп, құтылып кететіні жөнінде талай жазған еді. Бұл жағдай, сондай-ақ, басқа да ұрлық, алаяқтық қылмыстары бойынша да қолданылып келді.
Енді осы өзара келісімді болдырмас үшін ҚР ІІМ-нің ұсынысымен ҚР Қылмыстық кодексіне өзгертулер (21.01.2019 күнгі №217-VI Заңы) енгізілді. Бұған сәйкес, 188-бап (ұрлық), 189-бап (өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу немесе иемдену) және 190-баптар (алаяқтық) бойынша «бірнеше рет істеу» белгісі 2-бөлімнен 3-бөлімге көшірілді. Бұл қылмыстарды ауыр санатына ауыстырылуы қылмыскерлердің мәмілеге, келісімге келуін болдырмайды, яғни, жазадан құтылмайды. Заң 3 ақпанда күшіне енді. Көрейік, қалай жұмыс істейтінін.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА