Атырау, 25 қараша 04:55
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Барымташы тағы да құтылды

3 742 просмотра


«АЖ»-ға қаңтар айында шыққан Махамбет және Исатай аудандарында тыйылмай тұрған мал ұрлығы туралы жарияланым оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырды.  Тұрғындар "далалықта мал ұрлығы неге көп, барымташылар ұсталса да, неге қатаң жазаға тартылмайды?" деген сауалдар қойған еді.  «АЖ» тілшісі  Исатай аудандық сотында қаралған мал ұрлығына байланысты сот ісімен танысып қайтты.  

Сот анықтамасы бойынша, 1965 ж.т. Ж.Н. 2018 жылдың 9 желтоқсанында сағат кешкі 18.30 шамасында Исатай ауданына қарасты Х. Ерғалиев ауылының тұсында далалықта жайылып жүрген қоңыр түсті, оң жақ құлағында тілінген ені, сол жақ санында «Қ» таңбасы бар жылқыны 16 калибрлі аңшы мылтығымен атып алады. Малды сойып, өз пайдасына жаратып, жәбірленушіге 550 мың теңге зиян келтірген. Ж.Н. мұнымен шектеліп қалмай, 19 күннен кейін, яғни, 28 желтоқсанда тағы да Х . Ерғалиев ауылының қырынан қоңыр түсті, сол жақ құлағы тілінген, санында «Н», «Қ» таңбасы бар биені атып алады. Жәбірленушіге 550 мың теңгеге шығын келтірілді.

Исатай аудандық ІІБ бөлімі қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар күдіктіні ұстап, айғақ заттарды тауып, үстінен ҚР ҚК 188-бабы бойынша қылмыстық іс көтерді. Бірақ жәбірленушілер жұмсақтық танытып, малдарының құнын төлетіп, өзара ымыраға келеді.

Сотта сотталушы Нәутиевтің жәбірленушілер М. Қапсихов және Д. Айтбаевпен медиация тәртібімен татуласқаны және келтірілген зиянды өтегені ескерілді. Сөйтіп, қылмыстық құқық бұзушылық іс ҚР  ҚК 68-бабы 1-бөлігінің негізінде жәбірленушілермен медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылды. Бұдан бөлек, айғақ заттар - төрт дана пышақ, балта, қос тегіс ұңғылы 16 калибрлі «ИЖ-58» маркалы аңшылық мылтығы, 18 дана оқ-дәрі, 2 дана жылқы малының терісі мен басы жойылды. Ал қылмыс құралы болып танылған «ГАЗ-31105-411» маркалы автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленді. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 наурыз 2019, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.