1 сәуірде көпбалалы аз қамтылған отбасылардан атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу үшін құжаттарды қабылдау басталды. Осы жәрдемақыға байланысты көптеген есептеулер мен дәлелдемелер жарияланды, енді міне, ресімдеу үшін Атырауда және аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарына, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабарласуға болады.
- Бұл үшін жеке бас куәлігі мен арыз жазу ғана жеткілікті, ал мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алынатын қажетті деген құжаттардың электрондық көшірмесін жинақтау заң бойынша қарастырылған, арыз беруші енді оны жинамайды. Атырау облысында тұрғындардың барлық мәліметтері жинақталған «Е-халық» мәліметтер базасы бар, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ. Оның айтуынша Еңбек министрлігінің сайтында отбасыңызға АӘК тиесілі ме жоқ па есептеп беретін онлайн-калькулятор бар. Бұдан басқа ХҚО-да азаматтардан өтініштер қабылдау үшін екі маман бөлінген.
- Көпшілігі көмекті алу үшін тұрғылықты мекенжайға тіркелу міндетті екендігін түсінбейді, балалары тіркелмеген отбасылар да бар. Тіркелу тұрақты болсын, не уақытша болсын міндетті түрде керек, - деп атап өтті Тінәлиев.
Тағы бір өзгеріс – егер бұрын шартсыз ақшалай көмек 3 айға берілген болса, енді оны 6 айға дейін, ал, шартты көмекті 6 айдан 12 айға дейін ұзартты. Сондай-ақ сіздің өтінішті айдың басында немесе аяғында бергеніңіз маңызды емес, ақша сол ай үшін түседі. Әкім орынбасарының айтуынша көпбалалы отбасыларға баспана беру бойынша нормативтік құжаттар әлі түсе қоймаған:
- Қазір мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру кезекке тұру тәртібі бойынша азаматтардың 13 санатына беріледі. Ал кезексіз үй беру үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілуі керек. Әзірге бұл мәселелердің барлығы қарастырылуда. Біз сондай-ақ қазір Алматыда тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылып жатқан «Бақытты отбасы» жобасын қарастырып жатырмыз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА