Атырау, 24 қараша 02:01
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бостандықта бас қосады

Сурет
5 495 просмотра


Смокинг, жылтыр туфли, неке жүзігі. УГ-157/1 мекемесінде (тергеу абақтысы) сотталушы мен бостандықтағы әйел арасында неке қию рәсімі өтті.

Күйеу жігіт А.В. Қылмыстық кодекстің 297-ші «есірткі» бабы бойынша үш жылға сотталған. Бірақ бүгінде ол бұл туралы есіне түсіргісі келмейді. Алайда терезелердегі темір торлар мен салтанатқа қатысқан формалы адамдар түрмедегі жүргенін естен шығара қоймас.

- Қаламқас Маштайқызы, үйлесіп тұр ма? – деп сұрайды күйеу жігіт арнайы контингентпен тәрбие жұмысы жөніндегі бөлім бастығы Қаламқас Әшірханнан.

- Нағыз джентльменсің. Осындай маңызды күніңмен құттықтап, бақыт тілеймін! Бар, қалыңдығыңды қарсы ал, келгеніне көп болды, күтіп отыр.

Салтанатты рәсімге олардың аналары да келіпті, енді олар құдағай болады.

- Бүгін балаларымыз шаңырақ көтереді, оларға тек бақыт тілейміз, - дейді күйеу жігіттің енесі. - Әрине, мейрамханада емес, осы  жерде болып жатқаны өкінішті. Бірақ ештеңе етпейді, ол күн де алыс емес.


АХАЖ қызметкері хаттамаға сәйкес сөздерді оқып: «...келісесіз бе?» деген ең басты сұрақты қойды. Екеуі де қуана келісті. Құжатқа қолдарын қойып, бір-біріне неке жүзіктерін тақты. Әзірге күйеу жігітке жүзігін қалыңдығына сақтауға бере тұруына тура келеді: түрмеде тағуға тыйым салынған.

- Міне, біздің алғашқы отбасылық құжатымыз, - дейді А.В. неке туралы куәлігін ашып қарап.

Салтанатты рәсім аяқталды. Иә, аққайнар да, жүздеген қонақтар жиналған мейрамхана да, үйлену тойындағы торт та жоқ, бал айы да кейінге қалады. Жас жұбайлар қуанышты үйлену тойын еркіндікке шыққаннан кейін жасамақшы.

- Қалай таныстыңыздар?

- Көп болды, 2007 жылы достарымыздың тойында таныстық. Ол кезде қалыңдыққа құдаша қыз болып ерген еді. Бірден ғашық болдым, - дейді А.В. – Содан соң бірге тұрдық. Бір күні түрмеге түстім... Бұйыртса, осы жылдың қазанында мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығамын, үйімді саламын. Ол үйде әйеліммен, ата-анаммен, балаларыммен тұрамын.

- Ал қарым-қатынастарыңызды неліктен қазір заңдастыруды ұйғардыңыздар?

- Мен оған сол кезде, 2007 жылы  ұсыныс айтқан едім. Жақында ғана келісімін берді.

- Ұзақ ойланыпсыз ғой... – дедім қалыңдыққа қарап әзілмен.

- Ол еркіндікте жүргенде жақсы көретін едім, қазір де қатты жақсы көремін. Жақсы адам, нағыз еркек. Иә, өмірде қателеспейтін адам жоқ қой. Сол үшін айырылысып кету керек пе? – дейді қалыңдық.

- Бақыт тілеймін!

Көздерінен бұл шаңырақтың іргесі сөгілмейтініне сенімді көрдім.


Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген автор

1 сәуір 2019, 14:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.