Атырау, 28 желтоқсан 01:18
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

«Макаренконың» мұңы

1 868 просмотра

Жаңа оқу жылы басталды, ал Құлсары қаласындағы Макаренко атындағы орта мектепті жөндеу жұмысы әлі аяқталған жоқ. Одан бөлек, мың жарым оқушыны уақытша басқа мектептерге орналастыру мәселесі шешілмей отыр. 

- Аудан бойынша Құлсарыдағы 3 мектеп биыл күрделі жөндеуге іліккен болатын. Бұған бюджеттен 160 млн теңге бөлінген еді. Мердігерлер жұмысты 5қыркүйекте бітіруі тиіс болғанымен, материалдардың жетіспеуінен Макаренко орта мектебін жөндеу жұмысы созылып кетті, - дейді Жылыой аудандық білім бөлімінің бастығы Қарлығаш СЕЙДАХМЕТОВА.

Макаренко мектебіне барғанымызда, мектеп әкімшілігі абыр-сабыр болып жатты. Мектеп директоры Алмажай РАШБАЕВА кіреберісте (суретте) жаңа оқу жылының басталғанына екі апта өтсе де, оқушылардың қай мезгілде оқитынын түсіндіріп жатты.

- Мектебімізде барлығы 1573 бала оқиды. Жөндеу жұмысының аяқталмауына байланысты осы уақытқа дейін олардың бәрін орналастыру оңай болмады, - дейді А.Рашбаева. - Басым бөлігі №7 мектепке орналастырылды. Оқушыларды сонда тасымалдау үшін автобустар бөлінді. 18 сынып №15 мектепке ауыстырылды. Мұндағы сыныптар дайын тұр деуге болады, линолеум төсеп, плинтустарын қағу ғана қалды.

Макаренко атындағы орта мектеп 1975 жылы салынған. Содан бері мектеп күрделі жөндеу көрмеген. Ақырында биылғы жылы оған 73 млн теңге бөлінген. «АСД» ЖШС-нің жұмысшылары (директоры Д.ЛЫСЕНКО) құрылыс материалдарының қазір қалыпты деңгейде келе бастағанын айтты. Сыныптар мен дәліздерге линолеум мен қыш тақташалар төсеу жұмысы қалды. Мәжіліс залы, шеберхана, спорт залдары мен шатыр және ғимараттың сыртқы жөндеулері қалып тұр. Бұл жұмыстар осы қыркүйектің аяғында бітеді делініп отыр.

- Мектеп басшылығы қазіргі жағдай балалардың психологиясы мен сабақтың сапалылығына әсер етпейді деп сендіруде. Оған сену қиын. Ал мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған балаларға оңай болып жатқан жоқ. Бастауыш мектептің оқушылары Макаренко мектебінің алдына жиналған соң, оларды Газель автокөліктері басқа мектепке тасымалдайды. Бұл уақыт алады, балаларды әбігерге салады. Күн болса суытып барады. Сондықтан құрылысшыларды асықтыру керек, -деп талап етіп отыр ата-аналар.

- Біз мердігерді асықтырып отырмыз. Мектептің ішкі жөндеуі біткесін оқушылар баяғысынша өз мектебінде оқитын болады. Биыл қаладан 624 орындық жаңа мектеп салынуда, ол желтоқсанның аяғында бітсе, онда Макаренко мектебінің біршама оқушысы сонда барады деп күтілуде, -дейді Жылыой ауданының әкімінің орынбасары Ізбасар ЕЛТЕЗЕРОВ.

19 қыркүйек 2012, 22:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.